Екпе егу жұмыстары нашар жүріп жатқан өңірлер аталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екпе егу жұмыстары нашар жүріп жатқан өңірлер аталды

15.06.2021

Денсаулық сақтау министрі коронавирусқа қарсы егу жұмыстары нашар жүріп жатқан өңірлерді атады. Маңғыстау мен Қостанай облыстарында вакциналау қарқыны төмен дейді министр. Бүгін Үкіметте елдегі эпидахуал жайы сөз болды.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Вакцинаның 1-компонентін егу бойынша ең төменгі көрсеткіш Маңғыстау облысында 13,2 пайыз. Қостанай облысында 19,5 пайыз. Ал 2-компонентпен ең төменгі қамту Маңғыстау облысында 7,3 процентке тең. Облыстардың, қалалардың әкімдері халықты коронавирусқа қарсы екпемен қамтуды жеке бақылауға алып, халықты қосымша ынталандыру тетіктерін арттыруы және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет.

Елде эпидахуал тұрақты. Бір аптада індет жұқтыру дерегі 16 пайызға азайды дейді Алексей Цой. Бірақ ТМД аумағында ауру өршіп тұр. Әсіресе Ресейде covid-ке шалдыққандар бір жарым есе артқан. Көршілес ел болған соң, коронавирустың елімізде де күш алу қауіпі бары түсінікті. Сондықтан індетке төтеп беру үшін ұжымдық иммунитет қажет. Қазір ел азаматтарына 4 млн доза вакцина егілді. Оның 2,5 миллионы бірінші компонент, бір жарым миллионы екінші компонент. Премьер-министр екпе егу жұмыстарын ширату үшін жұртты вакцина алуға ынталандыру керек деді. Әрі әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ашық жобасының қолданыс аясын кеңейтуі қажет. Барлық әуежай мен темір жол бекеттерінде қосымша жұмыс істеуі тиіс.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу