Семей полигонының жабылғанына-30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семей полигонының жабылғанына-30 жыл

16.06.2021

Биыл Семей сынақ полигонының жабығанына 30 жыл толады. Қырық жыл бойы қазақ даласын дүр сілкіндірген атом аждаһасының үнін өшіруде Елбасының еңбегі ерен. Жарылыстар тоқтағанмен, атомның жанға да тәнге де салған жарасы жазыла қойған жоқ. Сондықтан, бүгінде жергілікті атқарушы билік өңір халқына әлеуметтік-медициналық тұрғыда көрсетілетін көмекті жан-жақты жетілдіруде.

Жылдар бойы атом аждаһасының салған ойраны жайлы ойласақ, қазірдің өзінде жан түршігеді-дейді Зейнолла Тоқаев. Ол 80 –ші жылдары құрылып, полигон жабылғанға дейін жұмыс істеген «Бейбітшілік» қорын басқарып, халыққа әлеуметтік көмек берген қоғам белсендісі.

Зейнолла Тоқаев,     қоғам белсендісі: 
Сынақ полигоны дегенде, менің денем осы күнге дейін дір ете түседі. Себебі 43 жасында менің әкемді алып кетті. Халыққа деген ауыртпашылығы орасан зор. Қазір 30 жыл өтсе де біз соны күресіп жатырмыз.

Қазір еліміз әлем алдында жаппай қырып жою қаруынана бас тартқан мемлекет ретінде беделге ие. Оған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл қадамы арқасында қол жеткіздік. Ендігі белес өңір халқын оңалтуға күш салу-дейді көпшілік.

 Сұлтан Картоев, «Невада – Семей» Антиядролық қозғалысының вице-президенті: 
Біздің полигон жабылғанмен, әдемнің 9 елінде ядролық сынақ алаңдары жұмыс тұр. Яролық қауіп әлі де бар. Сондықтан, антиядролық қозғалыстың жұмысы жалғаса беруі керек. Тағы бір мақсатымыз өңірімізде зардап шеккен халықты әлеуметтік оңалту. Бұл жұмыс жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп орындалып жатыр.

Жақында Семейде қатерлі ісікті ерте анықтап, емдейтін Ядролық медицина орталығы іске қосылды. Күзге дейін нәрестелерді оңалту орталығы жұмысын бастамақ. Ал Курчатов қаласындағы ҰЯО ғалымдары, полигон жерлерін ауылшарушылық, өнеркәсіптік мақсатқа қолдану үшін зерттеулер жүргізуде.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу