Қаламқас кен орнындағы апат бұрғылау компаниясы қызметкерлерінің кінәсінен болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаламқас кен орнындағы апат бұрғылау компаниясы қызметкерлерінің кінәсінен болған

02.05.2019

Олар бірнеше қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі оқиғаның тексеру нәтижелерін жариялады. Жұмысшылар ұңғыманың сағасын цементтеп, оның қатуын күтпеген. Салдарынан газ бен су шығып, алапат өрт болды. Бұрғылау жұмыстарын жүргізген қытайлық «Си Бу» компаниясына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Министрлік қазір өзге де бұрғылау орындарын тексеріп жатыр. Алдағы уақытта осындай техногендік апаттың алдын алу үшін арнайы іс-шаралар тізімі әзірленді. Ал, Қаламқастағы оқиға бойынша прокуратура қозғаған әкімшілік және қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

Нығметжан Мақажанов ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің комитет төрағасы:

- «Си Бу» бұрғылау компаниясы тарапынан осы ұңғыманың құрылысын қауіпсіз енгізуге қажет болған өндірістік бақылауды қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ компания қызметкерлерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы білім дәрежесі сәйкес келмейді.

Қытайлық «Си Бу» компаниясы Қазақстан нарығында жұмыс істеп жүргеніне 5 жылдың жүзі болған. Осыған дейін ол ешқандай апатты жағдайларда көзге түспеген. Қазір осы төтенше жағдайға байланысты лицензиясынан айыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұрғылау компаниясында Қазақстан және Қытай азаматтары жұмыс істейді.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу