Ақтөбелік оқушы сапалы әрі берік асфальт жамылғысының құпиясын ашты! Гаухар Ахтанқызы екі жыл бойы зертханада жұмыс істеп кәдімгі картоптың көмегімен жол сапасын арттыруға болатынын дәлелдеп шықты. Ғылыми еңбегіне арнайы патент алып та үлгерді. Жас өнертапқышпен әріптесім Жақсыбек Кемал жүздесіп келді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Мына жол бір жыл бұрын ғана жөнделді. Алайда, көктемде қармен бірге еріп, ойдым-ойдымы шығып үлгерді. Егер оқушының өнертабысы жол құрылысына қолданылар болса, мұндай олқылықтар болмауы тиіс.
Гаухар жас та болса, жыл өтпей жатып шұрық тесік болатын жол мәселесіне бей-жәй қарай алмаған. Сондықтан ғылыми жетекшісімен бірге көптеген зерттеу жасап, ақыры дегеніне жетті. Алдымен кәдімгі картопты жер астында ыстық температурада ұстап, қажетті ерітіндіні алу керек. Ол асфальт құрамына қосылады. Дайын өнім берік әрі құбылмалы ауа райына төзімді.
Гаухар Ахтанқызы, жас өнертапқыш:
Жердің астында ұзақ температурада ұстау арқылы қыздырады. Сол кезде картофельден қышқыл осы жерге жинақталады. Жинақталған қышқылды біз қосымша реагенттер қосу арқылықоспа даярлаймыз. Осы қоспаны құммен және цементпен араластырамыз.
Гаухар өзі дайындаған қоспаларды бірнеше категорияға бөліп, сынап көрген. Алайда ол өзі ашқан жаңалықтың құпиясын әзірге толық жариялай алмайтынын ашық айтты. Жас өнертапқыштың жобасын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы да қолдады.
Гаухардың жетекшісі химия пәнінің мұғалім-модераторы Дастан Назаров. Олар еліміздегі жолдардың сапасыз салынуының себептерін зерттеген.
Дастан Назаров, ғылыми жетекшісі:
Басқа аналогтардың кемшілігі – ол карбонатты қосылыстар нәтижесінде бұзылуында. Ал, біздің патентімізде ол минус жойылған. Сол себепті біздің өңірге,Евразия материгіне қарастыруға өте ыңғайлы.
Тельман Малаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» АОФ директоры:
Бәріміз біліп отырмыз, қала ішінде асфальт шашылып қалып жатады. Соған қолдданып, жасалса біз оны қолдауға дайынбыз.
Дайын қоспаны өндіріске енгізу үшін сертификат алып, ғылыми-техникалық сараптамадан өткізу жоспарланып отыр. Ал биыл ғана Назарбаев Зияткерлік мектебін бітірген Гаухар Ахтанқызы болашақта құрылыс инженериясы саласында жұмыс істемек.
Жақсыбек Кемал