Санитарлық-эпидемиологиялық қызметте 4000 маман еңбек етіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметте 4000 маман еңбек етіп жүр

18.06.2021

Пандемия басталғалы эпидемиолог деген ерекше мамандықтың қадірі артты. Олар коронавирус елге жеткенде бірінші болып барып, зерттеп, талдап, аурумен күрескен жандар. Олар науқасты оқшаулап, айналасын вирустан тазартып, халықты сақтыққа шақырған жандар. Олардың саны өте аз, бірақ қызметі қауырт әрі жауапты. Қатерлі індет кезінде алғы шептен табылған мамандар жайлы Раушан Сайлауқызы.

2020 жыл. Наурыз айы. Вирус өршіген шақ. Алдымен шетелден келген жолаушылар оқшауланды. Сынамалары дәл осы зертханаға жеткізілді. Әлемді әбігерге салған коронавирус біздің елге де жетті. Оны зерттеп, дәлелдеп, анықтаған мамандардың бірі - Айжан Көбейқұлова. Жас та жат вирустан қорықпады. Өзі сияқты 160тай маман күн-түн демей птр-тестілеу жасады.

Айжан Көбейқұлова, Ұлттық сараптама орталығы нұрсұлтан қаласы бойынша филиалы вирусология зертханасының меңгерушісі:   
Эпидемия кезінде сынаманың көптігі сонша күніне 3000-нан астам сынамалар түсіп жатты. Ол кезде біздің лаборатория ең алғаш, ең жалғыз болғандықтан бізге өте қиын болды.  Ештеңеге қарамастан әрбір маман өз деңгейінде жұмыс істеді.

Вирус тіркелді, бұдан әрі қауіпті ошақтар көбейді. Ал оларды тазарту дезинфекторлардың міндеті. Бұл салаға енді келген Шыңғысхан Сағымбеков ауыр жұмыстан қашпады. Ұшақ, автобус, аэропорт, вокзал мектеп, балабақша, түрлі мекемелер мен тіпті тұрғын үй ошақтарын да тазартты. Бір күнде 60 шақты орынға дезинфекция жасап, тәулік бойы тікесінен тік тұрған күндері болды.

Бетперде тақ, арақашықтықты сақта, қолыңды жуу, оқшаулан. Бұл нұсқауларды құлағымызға құйып, вирустан айығудың амалдарын ұсынған мамандар осы. Олар ковидтің қайда, қашан тіркелгенін анықтап, вируспен бетпе-бет күресті. Олар дерттің дерегін жүргізеді, эпидемиологиялық ахуалды баяндайды, аурудың салдарымен саралап, тиісті шешім қабылдап Үкіметке жеткізеді.

Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасы басшысы:
Соңғы бір жарым жылда жұмыс күнінің 8 сағат екенін ұмыттық. Үйде жүрсекте әрқайсымыздың жұмыс орнымызда компьютермен жабдықталған жұмыс орны бар.  Әрине біз уақытпен санаспай жұмыс жасап, салдарынан бір адам емес бүкіл халықты шығаруға міндет алып отырғаннан кейін әрине бұл қазіргі кездегі қажеттілік.

Олар кеше бүгін ғана емес, талай жылдардан бері қауіпті инфекциялармен күресіп келеді. Олар қатерлі аурудың қарқыны қатты кезеңде аянып қалмады. Қатары аз, кадр тапшы болғанымен қарапайым халықтың саулығы үшін ауыр міндетті арқалап жүрген жандар. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет деп аталатын бұл саладаға қазір 4000-нан астам қызметкер еңбек етіп жүр.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу