Елімізде вакциналау қарқынының төмендегені байқалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде вакциналау қарқынының төмендегені байқалады

20.06.2021

Вакциналау қарқынының төмендегені байқалады, премьер-министрдің азаматтарды ынталандыру туралы айтқаны хабарланды. Бірақ денсаулық сақтау министрлігі бұл пәрменді таратып түсіндірмеді. Жалпы, кейбір жерлерде вакцина алғандар арасында тұрмыстық техникалық заттар ойнатылып жатыр. Үкімет басшысы одан қомақтырақ бірнәрсе ұсыну керек дегенді меңзеп отырған сияқты.

Мысалы, ауру жұқтырушылар алаңдатарлық деңгейде көбейіп бара жатқасын Мәскеу мэрі С. Собянин коронавирусқа қарсы екпенің бірінші дозасын алған, жасы 18-ден асқан азаматтар арасында шілденің ортасына дейін 5 автокөлікті ұтысқа қоятындарын хабарлады. Құны 1 млн рубль тұратын көліктер. Айта кететіні, Собянин тоқаш бере отырып, қамшы да көрсетті – қызмет көрсету саласында істейтіндердің 60 проценттен кем емес бөлігі вакцина алуы керек дегенді міндеттеді деуге болады.

Оның қаншалықты заңды екеніне орай пікірталас бар. «Вакцина алмаймын» дегендер үйден шықпай отырсын» дейтіндер бар. Оларға жауап - «Мәжбүрлеу ешқандай заңға сыймайды». Мәмілеге келу қиын болып тұр. Бізде қалай? Раушан Сайлауқызының материалы.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары мұндай шараларды ұйымдастыруда көш бастап келеді. Мәселен, Нұр-Сұлтанда екпе салдырған азаматтарға Азия парк сауда орталығында лоторея ұйымдастырылып, түрлі сыйлықтар беріліп жатыр. Вакцина алып, тосын сыйға ие болғандардың бірі – Бақытжан Иманбаев.
Бақытжан Иманбаев, қала тұрғыны:
Денсаулығым үшін, өзім үшін келдім. Мен ойлаймын осы вакцинадан кейін елімізде тыныштық болады деп. Ковид дегені кетіп қалсын.

Мұнда вакцина алған азаматтар, бірден ұтыс ойынына қатыса алады. Жүлдеге тұрмыстық техника, электроника, тағы басқа көптеген қажетті заттар таратылды. Сыйлық алған тұрғындар бізге эмоциясын білдіргісі келмесе де қуанғаны жүзінен көрініп тұр.

Сәния Есенбаева, қала тұрғыны:
 Осындай сыйлық берсеңіз адамдар келеді әрине. Тезірек арылу керек бізге, тезірек ковидіміз өтіп кетсін. Сол үшін тезірек вакцина салдыру керек.
Раушан Иманбаева, қала тұрғыны:
Өзбекстанға өту үшін де, денсаулығым үшін де алдым.  Сыйлыққа да рахмет, бізді сыйлап беріп жатқанынан, денсаулығымыздан айырылмай бала-шағамызға бас боп жүре берейік.

Мұндай шараларға бастамашыл болған кәсіпкерлер ұтыс ұйымдастырылғаннан бері адамдардың көптеп келгенін айтады.

Толқын Наримбиев, ойын-сауық орталығының директоры:
1 мамырдан бастап тұрмыстық қажетті заттар, тағы басқа заттар ұтып алып жатыр, риза болып жатыр кісілер, мақсатымыз тездетіп вакцинаны салып, мына індеттен құтылу. Нәтижесі жақсы. Күнде көп келіп жатыр адамдар.

Ал Абу Даби Плаза сауда орталығында әлемдік танымал брэндтерге 5 пайыздан 50 пайызға дейін жеңілдік беріледі. Кей сауда орындары мейрамханаға, өзге де көңіл көтеру орындарына сертификат береді.

Гүлнар Кәкіжанова, қала тұрғыны:
Менің жасым 60-та. Мен бұл вакцинаны алам дегенім, осында емделіп тұрмын. 
Айнұр Төлеуова, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі:
Ойын-сауық орталығында осындай шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сыйлықтар таратылып жатыр. Сертификаттар беріліп жатыр. Қызыл аймақта болғандықтан, сауда ойын орталықтарының жұмысы шектелген еді. Бірақ екпе егу пунктерін ұсынғандықтан олардың жұмыс уақыты ұзарды.
 Раушан Сайлауқызы, тілші:
Халықтың белсенділігін арттыру үшін денсаулық сақтау министрлігі мен сауда орталықтарының иелері осындай акция бастаған еді. Мұндай шаралар өзге қалаларда да ұйымдастырылуда.

Мәселен, Алматыда вакцина алған тұрғындар арасында 10 мың теңге мен 100 мың теңгенің сертификаттары ойнатылды. Кей сауда орындары ұтысқа бағалы телфондар ойнатса, енді бірі тәтті-дәмділер таратты. Сыйлық Атырауда да үлестіріліп жатыр.

Қарағандыда екпе салдырған шахтерлер мен металлургтерге кәсіпорын басшысы 10 мың теңгеден сыйақы берді. Кей кәсіпкерлер екпе алған көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына азық-түлік себеттерін табыстаған. Мұндай ынталандыру елдің барлық өңірінде қолға алынады-ау. Себебі соңғы уақытта вакцина алғандар қатары сиреген.

Айжан Есмағамбетова, ҚР санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
Елорда бойынша Сәуірде - 98 мың, мамырда - 52 мың, ал маусымда 16 мың адам екпе салдырған. Яғни, күн сайын вакцина алғандар саны азайып бара жатқанын көреміз. Осы параметрдің бәрі коронавирустың тарауына және Нұр-Сұлтанның "қызыл" аймақта қалуына ықпал етеді.

Ал шетелдегі ынталандыру сыйлықтарының жөні басқа. Мәселен, Люксембургте Еуропаны емін еркін аралауға мүмкіндік берілген.

Паулус Харли, Люксембург азаматы:
Екпе салдырғандар 1 шілдеден бастап Еуропалық Одақ елдеріне еркін саяхаттай алады. Олар ПТР тапсырмайды, карантинге жабылмайды. Люксембургта түнгі клубтар ашылды. Екпе салдыртқандар оған кедергісіз кіре алады. Екае салдырмағандар әр барған сайын ПТР тест тапсыруы керек.

Ал Брюсселде халықты ынталандыру үшін сауда орындарына, дүкендерге сертификат таратылып жатқан көрінеді. Дегенмен вакцина салдыруға тұрғындардың өздері ниетті сияқты. Қандай да бір сыйлықсыз.

Томас Ван Гухт, Брюссель қаласының тұрғыны:
Вакцина салдыртқандарға ақшалай сыйлық, киноға билет таратуда. Бұл біріншіден тұрғындарды тезірек вакцина салдыртуға ынталандыру, екіншіден, кәсіпкерлердің карантиннен кейін аяққа тұруына үлкен көмек.. Сондықтан еш сыйлықсыз-ақ, мәжбүрлеусіз-ақ, екпе салдыртуға халық өз еркімен барып жатыр. Мен Пфайзердің алғашқы дозасын алдым. Жағдайым жақсы.

Вакцинаның вирусқа қарсы қабілетін жақсы түсінетін медицина мамандары да ынталандыруды күтпей-ақ, екпе салдырайық деуден шаршаған емес.

Мыңжылқы Бердіқожаев, Шымкент қалалық ауруханасының бас дәрігері, нейрохирург:
Әр адамның өкпесі өз қолында. Өкпелеріңізді сақтаңыздар, өкпелеріңізге болашақ сыйлаңыздар. Мүмкіндігіншіе ауырмаудың жолын іздеңіздер. Вакцинаға сенім білдіріңіздер.

Соңғы статистикаға сәйкес, халықтың 26 пайызы екпе салдырды. Оның өзінде бұл тек бірінші компотентін алғандар.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Соңғы күндері 90-100 мың вакцина салынып жатыр. Біз бұл жұмысты күшейте түсеміз. Әрине, адамдардың белсенділігі артады деген сенімдеміз. Өйткені, вирусты екінші рет жұқтырып, қайта ауырып қалып жатқан дерек көп. Мутацияланған вирус тарауы мүмкін. Мұны алдын-алудың жалғыз жолы - екпе егу екенін тағы айтқым келеді.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Денсаулық сақтау министрі күзге дейін 10 млн қазақстандық екпе салдырады деген сөзінен әлі де айнымай отыр. Бес айдан бері елімізде небәрі екі жарым млн адамға екпе егілді. Ал Министрдің жоспарына сәйкес, алдағы екі айда 7 жарым млн қазақстандық вакцина салдыруы қажет. Бұған жаңа біз сипаттағандай ынталандыру шаралары ықпал ете ме? Ықпал етеді дегеннің өзінде бұл жоспардың екі айда орындалатынына сену қиын. Ғылымға негізделген комментарийлерді жұрт көп оқымайтыны, тыңдамайтыны, әрі сене қоймайтыны анық байқалды. Бұл енді басқа әңгіме. Онда ынталандыру сыйлықтарын Мәскеу мэриясы сияқты автокөліктермен толықтыру керек шығар?.. Әйтеуір қатаң карантинге түспеудің бар амалын қарастырмаса болмайды.

 Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу