Жан түршігерлік жол апаттары. Түркістан және Алматы облыстарында 14 адамның өмірін қиған жол апаттары болды. Ал, Ақтөбе облысында 4 бірдей мектеп директоры мінген көлік аударылып, оның екеуі қаза тапты. Ондаған жанның өмірін жалмаған жол апаттары жөнінде Жақсыбек Кемал баяндайды.
Түркістан облысы, Созақ ауданында жол апатынан жеті адам қайтыс болды. «Екпінді-Бірлік» автожолы бойында екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан екі көліктің де жүргізушісі мен 5 жолаушысы қаза тапты. Аман қалған 1 адам дене жарақатымен аудандық ауруханаға жатқызылды.
Алматы облысында да жантүршігерлік жол апаты болып, жеті адам көз жұмды. Арасында 16,13, 8 жастағы балалар мен 4 айлыќ сәби бар. Өткен демалыста кешкі сағат жетілер шамасында Алматы - Көкпек – Көктал тасжолында екі жеңіл автокөлік соқтығысқан. Апат салдарынан екі көліктің де жүргізушісі және үш жолаушысы оќиға орнында жан тапсырды. Тағы екі адам Шелек ауылындағы ауруханада көз жұмған.
Ақбота Әзірбек, Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:
Тағы үш жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Қазір аталған факті бойынша ҚРҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік апатына не себеп болғаны тергеу барысында анықталады.
Ал, Ақтөбе облысында екі мектептің директоры жол апатынанкөз жұмды. Тағы екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілді.Төрт білім мекемесінің басшысы бір көлікте болған. Ойыл ауылынан Қобда елді мекеніне бет алған көліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан рөлде отырған Ақтөбеқаласындағы 33-інші мектеп директоры мен 20шы мектептің басшысы оқиға орнында көз жұмды. Қалған екеуі Ойыл аудандық ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілді.
Бекболат Ізбасаров, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Әйел жолаушы 45 жастағы жағдайы орташа ауырлықта. Жабық бас-ми жарақаты, бас миының жарақаты. Бұғана сүйегінің сынығы диагнозымен келіп түсті. Екінші әйел 45 жастағы көптеген жарақаттар алған болатын. Қазіргі жағдайы тұрақты.
Бүгін Алматыда да қайғылы жағдай бола жаздады. Мына бейнекөріністен троллейбустың түтіндеп жатқанын байқауға болады. «Алматы электротранс» мекемесінің өкілдері бұл жағдайдың Абай мен Саин көшелері маңында тіркелгенін хабарлады. Көлік ішінде адамдар болмаған.
Жақсыбек Кемал