Елімізде волонтерлік қызметті қолдау стандарты әзірленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде волонтерлік қызметті қолдау стандарты әзірленеді

22.06.2021

Елімізде волонтерлік қызметті қолдау стандарты әзірленеді. Бүгін Үкімітте Ақпарат және қоғамдық даму министрі волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы аясында қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Бірінші – заңнамалық деңгейде өзгерістер енгізу. Оның аясында оқуға тапсыру мен жұмысқа орналасу кезінде жеңілдіктер қарастыру, волонтерлердің құқығы мен міндеттерін кеңейту, еріктілердің ең төменгі жас шегін белгілеу және корпоративтік волонтерлік нормалары сияқты жаңашылдықтар қарастырылған. Жария талқылаудан өткен соң заң жобасы 1 шілдеге дейін үкімет қарауына енгізіледі.

Волонтерлік қызметті дамытудың бұдан өзге де бірнеше бағыты бар. Қазір волонтерлер құрған республикалық және 17 өңірлік фронт-кеңсе өз жұмысын жалғастырып жатыр. Жол картасы аясында жалпы сомасы 530 миллион теңгеге жуық 40-тан астам жобаны іске асыру көзделген. Соның аясында жануарларға жанашырлықты арттыратын Бірге аяла, аға ұрпақты волонтерлік қызметке шақыратын Күміс жобалары іске аспақ. Сондай-ақ министр волонтерлік қызметті дамытуда мемлекеттік органдардың тұрақты қолдауы қажет. Алайда биыл өңірлерде қаржыландыру былтырғы жылмен салыстырғанда 4 есе төмендегені байқалады дейді. Айта кетейік, бір жылда волонтерлік қызметтің қарқыны артқан. Ұйымдардың саны 3 есе, еріктілер қатары 4 есе көбейді. Пандемия кезінде 500 мыңға жуық азамат 1 млн-нан астам жанға көмек көрсетті.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу