Ақмола облысында ауыл тұрғындарын екпе алу үшін ынталандыруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында ауыл тұрғындарын екпе алу үшін ынталандыруда

22.06.2021

Маңғыстауда «Екпе ал да, 2 бөлмелі пәтер ұтып ал» акциясы басталды. Оған бүгіннен бастап коронавирусқа қарсы вакцина алған тұрғындар қатысады. Ол үшін тұрғылықты мекен-жай бойынша емханада екпе салдырып, кюар код арқылы сайтқа тіркелу қажет.Акция 1 ай жүргізіледі. Әр жұма күні бағалы сыйлықтар ойнатылады. Ал соңында ұтысқа Ақтау қаласынан 2 бөлмелі пәтер тігіледі. Науқан тұрғындарға екпенің маңыздылығын түсіндіріп, оны өз еркімен алуға ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.

Гүлнар Сегізбаева,  Ақтау қаласының тұрғыны:
Жаңа Араб елінің Хаят вакцинасын алдым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Және де сонымен қатар бүгін үлкен науқан жүріп жатқанын естіп қуанып қалдым. Өзімнің денсаулығымды қорғай отырып, үлкен бағалы сыйлықтың иегері атанып қалуым мүмкін. Енді акцияның қорытындысын күтемін. 

Ақмола облысында Атбасар және Жақсы аудандарының теміржол ұйымдары вакцина алған жұмысшыларға бір күн ақылы демалыс береді. Ал, Щучье қаласындағы ірі сауда орындарының бірінде тұрғындар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылады. Екпе салдырған ауыл тұрғындары үшін де түрлі сый-сияпат жасалуда. Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды, Қараегін, Арықты ауылдарында екпе салу қарқынды жүріп жатыр. Өңірде 60 мың тұрғын екі компонетті де алған. Ал бірінші компонентті салдырғандар 95 мыңға жуықтады. Қазір өңірде 131 екпе салу орны бар. 120 мобильдік топ жұмыс істейді.

Аягөз Оралбайқызы, Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу