Алматы маңында қоқыс полигоны өртеніп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы маңында қоқыс полигоны өртеніп жатыр

16.05.2019

Алматы облысы, Қарасай ауданының Әйтей ауылынан жеті шақырым жерде орналасқан қоқыс полигоны өртке оранды. Соның салдарынан ыс пен түтін тіпті Алматының аспанын басты. Мамандардың айтуынша, зардап шеккендер жоқ. Ал, оттың нақты неден тұтанғандығы әзірге белгісіз.

Айта кетейік, кеше түнгі 00:00 шамасында басталған алапат өртті сөндіру үшін арнайы техника жұмылдырылған. Қазір полигонда 11 өрт сөндіру көлігі, 7 бульдозер, 6 жүк тиегіш көлік, 1 экскаватор және 114 арнайы маман жүр.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

- Өкінішке қарай, күзетшілер бізді ішке кіргізбеді, тіпті қақпа маңына да жақындатпады. Айтуларынша, бұл қоқыс полигоны 2014 жылдан бастап 49 жылға жекеменшікке жалға берілген. Ал, түнде басталған өртті сөндіру үшін қазір арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Бірақ қалдықтар өртеніп, қала жұртшылығын алаңдатса да, мына жүк көліктері қоқысты әлі де осында әкеліп төгіп жатыр.

«Қызыл жалынды сөндіру кезінде су шашуға болмайды. Бұл керісінше жағдайды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін», - дейді мамандар.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

- Өрт шықты деген хабарлама бізге бүгін түнгі 02:03-те түсті. Өрт сөндіру қызметкерлері сол жерге дереу жетіп, 1 гектарға жуық аумақта тұрмыстық қалдықтардың жанғанын анықтады. Аумақты бақылағаннан кейін өрт сөндіру техникасымен оны сөндіру мүмкін болмады. Сондықтан полигон әкімшілігінің көмегімен инертті материалдарды пайдалануға тура келді.

Полигоннан будақтап шыққан түтін мен иіс сол маңдағы Әйтей ауылының тұрғындарын алаңдатты. Олардың сөзінше, мұндай жағдай тек бүгін емес, жиі қайталанады екен. «Ал, таңертеңнен бері өрттің кесірінен далаға шығудан қалдық», - дейді жұрт. Тіпті, кейбіреулері баспаналарын сатуға шығарып, ауылдан тез арада көшуді ұйғарыпты.

«Қазгидромет» мамандарының сөзінше, осы жағдайдан кейін қаланың ауасы біршама ластанды. Мұны анықтау үшін мегаполистің әр жеріне 16 арнайы құрылғы қойылды. Ал, өрт болған аймаққа ең жақын орналасқан аппарат ауаның ластануы екі есе көбейгенін көрсетіп тұр. Алайда, тұрғындарға бұдан келер қауіп жоқ.

Жанар Махметова, «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы филиалы сараптамалық зерттеу бөлімінің басшысы:

- Бақылау нәтижелері бойынша күкірт диоксиді мен азот диоксиді бойынша ластану көрсеткіштері белгіленді. Ол ластану көрсеткіштері екі есеге белгіленді.

Экологтардың айтуынша, осы оқиғадан сабақ алып, қоқыс қалдықтарын ретке келтірмесе, мұндай жағдай қайталануы мүмкін. Өйткені қалада қазір қоқыс өңдейтін бір ірі зауыт қана бар. Ол жылына небәрі 560 мың тонна қоқысты өңдей алады. Ал, Алматыдан күніне 1300 тонна қоқыс шығады.

Әділқасым Жарылқасынұлы, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы Алматы филиалының директоры:

- Күніне 1300 тонна деген өте көп. Мысалы, қазіргі мына полигондардың өзінде 8 миллион тонна қалдық қалып отыр. Тұрмыстық қалдық. Оның көзін қалай жоямыз?

Жалпы, қоқыс полигонының аумағы - 15 гектар. Соның 1 гектардан астам аймағы әлі де өртеніп жатыр.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу