«Түркістан - Түркі әлемінің бесігі» атты түркі елдері жастарының саммиті бүгін үшінші күн жалғасуда. Алқалы жиын аясында алты елдің жастар ұйымдарының арасында бірнеше Меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар шетелдік меймандар түрлі бағыттағы ғылыми семинарларға қатысты. Олар үшін түркі әлемінің көрнекті тұлғалары мен киелі жерлері тақырыптары бойынша семинарлар мен кітап көрмелері ұйымдастырылды. Бұл күні сондай-ақ, «Түркі әлемінің жастары» аллеясы ашылып, онда мәрмәрдан жасалған ескерткіш орнатылды. Халықаралық экологиялық акция өткізіліп, жас көшбасшылары мен белсенділер қаланың көрікті жерлерін аралап шықты.
Юлия Әбсәләмова, Башқұртстан Республикасы делегациясының өкілі:Мен осы Түркістанға келгеніме қатты қуанамын. Себебі, көне Түркістан ислам әлемінің рухани орталығы саналған. Әрі Башқұртстанға да ислам Түркістан арқылы жеткен. Қожа Ахмет Ясауидің аты біздің тарихта өте кеңінен танымал. Біздегі ислам діні осы Ясауидің сопылық бағытымен байланыстырылса, оның шәкірті Башқұртстанда исламды таратқан.
Саммитке қатысушылар бүгін өңірдің киелі орындарын аралап, тәу етті. Арыстанбаб кесенесіне құран бағыштап, ежелгі Отырар төбе қалашығын көріп шықты. Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірінде болып, Алтын самұрық театрының қойылымын тамашалады. Халықаралық саммит Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өтуде.
Айнұр Ақбаева