Елімізде тұңғыш рет радиоактивті препараттармен емдеу бөлімі жұмысын бастады. Ол Семейде жақында іске қосылған Ядролық медицина орталығында орналасқан. Замануи емдеу тәсілін осыған дейін қазақстандықтар шетелдерден ғана алып келген. Бүгін алғашқы 15 науқас қабылданды. Ертеңнен бастап олар қатерлі ісікке қарсы емнің ең тиімді түрін қабылдай бастайды.
Радифарм препараттармен емдеу медицинасы дамыған елдерде қолданылады. Бұрын Қазақстанда қалқанша безінің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастар дертіне дауа іздеп шетелге баратын. Енді тиімді әдіс арқылы семейлік онкологтар да көмек бере алады.
Батыржан Қаракөзов, ядролық физика институтының бас директоры:
Екі күн бұрын препараттарды дайындап, осы орталыққа жеткіздік. Бұрын радиофарм препараттарды тек қана диагностикаға ғана пайдаланған. Ертеңнен бастап препаратпен емдеу басталады.
Шығыс Қазақстанда қатерлі ісік ауруларына шалдыққандар тым көп. 18 мың науқас тіркеуде тұрса, жылына 3800 ден астам адамнан қатерлі ауру анықталады. Сондықтан, ең озық әдістермен ем жасау маңызды.
Диляра Қайдарова, Онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының басқарма төрайымы:
100 мыңнан аса науқас йодтерапия емін алуға зәру. Бұл орталықтың ашылуы дертке шалдыққандарға басқа елдерге сабылмай-ақ, Семейге келіп емделуге мүмкіндік береді. Орталық 2016 жылы ашылу керек еді. Бөгеттер көп болды. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен іске қосып отырмыз.
Шығыс Қазақстан облысының әкімшілігі Ядролық медицина орталығында еліміздің онкологтарына радиофарм препараттар арқылы ем жүргізуді үйретіп, тәжірибе жинақтау үшін мүмкіндік жасауға дайын. Бүгін ашылған теңдесі жоқ жаңа бөлімге Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен Шымкент, Қызылорда облыстарынан келген 15 науқас ертеңнен бастап ем қабылдай бастайды.
Ержан Жақып