Шаруалар мал шаруашылығын қолдауға бағытталған бағдарламалардың кемшіліктерінің көптігіне наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруалар мал шаруашылығын қолдауға бағытталған бағдарламалардың кемшіліктерінің көптігіне наразы

25.06.2021

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі шаруалар мал шаруашылығын қолдауға бағытталған бағдарламалардың кемшіліктерінің көптігіне наразы. Әсіресе, аймақтардағы фермерлер портал арқылы өтініш бергенде интернеттің әлсіздігінен тіпті, мүлде болмауынан игіліктерден қағылып отыр. Оның үстіне компьютердің тілін білмегендіктен, арнайы мамандарға қосымша қаржы жұмсауға мәжбүр.

Аслан Сүгірбаев соңғы жылдары сауын сиыр санын көбейте бастады. Ол үшін қыруар қаржыға қора мен арнайы сауын фермасын салды. Алайда, бұл нысан үшін мемлекеттен ешқандай қолдау таппай отыр. Себебі, тастан қаланған ғимаратқа субсидия мен жеңілдетілген несие қарастырылмаған. Шаруа үшін, тіпті, мал басын көбейтуге және жем-шөп үшін портал арқылы субсидия алудың өзі машақат.

Аслан Сүгірбаев, қожалық иесі:
«Көптеген шаруашылықтарда компьютермен байланыс жоқ. Сонымен қиналады. Шаруашылықтар арасында, «қолдау» дегенді «қорлау» дейді.

Бірнеше жылдан бері Ақтөбе облысында 5 мыңдай шаруа қожалығының тек бір мыңдайы шаруашылығын кеңейту үшін мемлекеттен субсидия алып келген. Тек соңғы жылы ғана қолдауға ие болғандары үш мыңға жуықтады. Фермерлер көбіне порталдың ашылу уақытын да білмей қалады.

Марлен Баймағамбетов, «Фермерлік орталық» қауымдастығының төрағасы:
Себебі, бәріміз жан-жақта, далада, шаруаның басында жүрген адам. Ол үшін біз операторы жалдап, кім бірінші үлгереді, кім екінші үлгереді деп. Интернет нашар шаруашылықтар олар бірінші, екінші траншқа үлгермей қалады. Ала алса, жыл аяғында алады, ала алмаса алмайды. Ең жаман нәрсесі «Қолдау» деген бағдарламаның ол жақта ақшаның резерві жоқ.

Осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов субсидиялауды жеңілдетуді сұрап, үкіметке сауал жолдады. Оның айтуынша, шаруа өнімділікті арттырудың орнына уақытын электронды порталдардың тетіктерін түсінуге жұмсайды. Оның үстіне ақылы қызмет алуға мәжбүр.

Берік Бекжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ел үкіметіне мынадай мәселелерді шешу қажет деп санаймыз. Бірінші, сандық платформалар мен «Қолдау кз» және ақпараттық талдау жүйесін, субсидиялауды, бір арнаға тоғыстырып, бір терезе қағидаты бойынша жұмысты реттеуді.Екінші,сыбайлас жемқорлық көріністерін жою мақсатында цифрлық платформаның жұмысын ақысыз, алдын ала өтінім беру мүмкіндігін қарастыра отырып, толық автоматтандыруды. Депутаттық сауалға заңда көрсетілген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

Елімізде субсидиялау Ақпараттық есептеу орталығының «Қолдау кз» платформасы негізінде жүзеге асады. Қазір бұл платформаның 218 677 қолданушысы бар. Көпшілікке қызмет құнының неліктен субсидия көлеміне байланысты екені де түсініксіз. Сондықтан шаруалар бұл мәселеге үкіметтік деңгейде назар аударылып, бір жақты шешілсе дейді.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу