24-25 маусымда ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова Маңғыстау облысының Жаңаөзен және Ақтау қалаларының жұртшылығымен кездесті.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу жөніндегі жоспарланған шараларды жұртшылықпен кеңінен талқылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Тапсырманы орындау үшін ел өңірлерінде халықпен кездесулер ұйымдастырылды, онда жұртшылық пен мемлекеттік органдардың өкілдерімен отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңнамалық нормаларды жетілдіру қажеттілігі туралы ұсыныстар айтылды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, қазақстандық отбасылар мен балалардың әл - ауқатын қамтамасыз ету, отбасы институтын нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып табылады және елімізде қабылданып жатқан заңдардың қоғамның, еліміздің әрбір тұрғынының игілігі үшін жұмыс істеуіне жағдай жасау біз үшін өте маңызды», - деп атап өтті кездесуді ашқан Лаззат Рамазанова.
Қатысушылар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдарды ведомствоаралық үйлестіруді, олардың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жүйелі алдын алуға, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға уақтылы көмек көрсетуге бағытталған қоғамдық ұйымдармен үйлесімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Кездесуде жаңа заңнамалық бастамаларды енгізу кезінде отбасылық құндылықтарды есепке алу қажеттілігі, балаларды тәрбиелеудегі әкелердің рөлін арттыру қажеттілігі туралы мәселелер көтерілді. Үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары мен мүшелері радикалды ағымдардың отбасы институтына әсер етуіне жол бермеу және проблемалар туралы мәселені көтерді. Қоғам белсенділері балалар мен жастар арасында отбасылық құндылықтардың сабақтастығын қалыптастыру процесіне ана мен әке институттарының беделін арттыру үшін қоғамда құрметке ие аға буын өкілдерін тартуды ұсынды.
Айтылған ұсыныстардың ішінде - көп балалы отбасылардағы балалар мен "Алтын алқа" және "Күміс алқа" наградалары бар аналар үшін жәрдемақыларды ұлғайту, бала күтімі бойынша жәрдемақыларды бала тууға байланысты демалыста болу мерзімдеріне барабар төлеу мерзімдерін ұлғайту, көп балалы отбасылар үшін тұрғын үй алу мерзімдерін қысқарту бар. Бұдан басқа, репродуктивті денсаулық, ерте жүктілік мәселелері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың мәселелері, мемлекеттік оңалту орталықтарын ашу қажеттілігі көтерілді.
Бұған дейін осындай кездесу Жамбыл облысында да өткен болатын. Мұнда зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері де талқыланды. Кездесуге қатысушылар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсету үшін әрбір аудан орталығында Отбасын қолдау орталықтарын ашуды ұсынды.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесуде Ұлттық комиссия басшысы Лаззат Рамазанова әйелдердің өңірдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу мәселелерін талқылады. Бүгінде өңірдегі мемлекеттік қызметте әйелдердің 40% - дан астамы жұмыс істейді, сондай-ақ жартысынан көбі кәсіпкерлік саласындағы әйелдер.
Өткізілген кездесулерге ұлттық және өңірлік комиссияның, Қоғамдық кеңестің және әкімдіктер бөлімшелерінің, үкіметтік емес ұйымдардың, басқа да мемлекеттік органдардың мүшелері қатысты.
Кездесу барысында айтылған ұсыныстарды Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия өз өкілеттіктері шеңберінде қарайтын болады.