Ислам Республикасының өз вакцинасы пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ислам Республикасының өз вакцинасы пайда болды

25.06.2021

Мәскеуде 4 күннен бері коронавирус құрбандарының саны рекорд жаңартып жатыр. Мұнда пандемияның қайта өршуіне үлес қосқан «дельта штамына» енді «дельта плюс» қосылды. Ал, Американың Pfizer, Moderna вакциналарының жүректі қабындыратыны анықталса, қытайлық екпелер туындататын антиденелердің тиімділігі «дельтамен» күресте төмен болып шықты. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Батыс мемлекеттері өз халықтарын жаппай вакциналап, карантинді алып тастап жатқанда, Ресейде коронавирус қайта өршіп тұр. Маусымның басында Федерация аумағында күніне 9 мыңдай адамнан ковид табылса, бүгін осындай 20 мыңнан астам науқас анықталды. Ал, Мәскеу мен Санкт-Петербургте төрт күннен бері коронавирус құрбандарының саны рекорд жаңартып жатыр. Өткен тәулікте екі қаланың әрқайсында 98 адам жан тәсілім еткен.

Соған қарамастан, Ресейдің 146 миллион тұрғынының небары 17 миллионға таяуы немесе 11 пайызы толық вакциналанған. Демек, жергілікті биліктің маусымның ортасына дейін 30 миллион адамға екпе салынады деген жоспары жүзеге аспады. Бұл жұмысты жеделдету үшін елдің 14 аймағында вакциналану міндетке айналып отыр.

Дмитрий, Мәскеу тұрғыны:
Адамдар ауырған кезде ауруханаларға барып, дәрі сұрайды. Қазір бізде бұл індет бар, бірақ жұрт дәрі-дәрмектен бас тартып жатыр. Өте таңқаларлық жағдай.
 Александр, Мәскеу тұрғыны:
Әр адам өз денсаулығына, өміріне, денесіне қалай қараймын десе де құқығы бар. Меніңше, осылай болуы керек.

Кейбір сарапшылардың ойынша, Ресеейде халықтың баяу иммундалуына отандық вакциналардың асығыс мақұлдануы, мемлекеттік телеарналардың шетелдік иньекцияларды қауіпті деп насихаттауы, жарнаманың осалдығы тәрізді факторлар себепші.

Тағы бір айта кететін жайт - Ресейде қайта пандемияның күшеюіне үлес қосқан «дельта штаммына» енді «дельта плюс» қосылды. Ол мұнда кеше бір адамнан табылды. Бірақ, бұл коронавирустың қаншалықты қауіпті екені әзірге белгісіз. Әлемнің 90-нан астам еліне жеткен «Дельта» алдағы айларда Германияны да шарпымақ.

Йенс Спан, Германия денсаулық сақтау министрі:
Delta нұсқасы жазда басым болады. Оған айлардың көлемінде емес. бірнеше аптада куә боламыз. Қазірдің өзінде бұл штамм жұқтыру оқиғаларының 15 пайызынан кездесіп отыр.

Ал, Британияның Кент университетінің зерттеуіне қарағанда, коронавирус Қытайда 2019 жылдың қазан айында тарай бастауы мүмкін. Яғни, ол Ухань қаласында анықталардан екі ай бұрын елге жайылып, өзге мемлекеттерге 2020 жылдың қаңтарына дейін жетсе керек. Қытайлық вакциналарға келсек, олардың ковидтің «дельта» нұсқасына қарсы туындататын антиденелерінің тиімділігі төмен болып шықты.

Ал, осы вариантпен күресте 90 пайызан астам тиімділік байқатқан Pfizer мен Moderna сирек жағдайда жүректі қабындыратыны мәлім болып отыр.

Иранның да өз вакцинасы пайда болды. CovIranBarakat деген екпенің бірінші дозасын өзіне осыдан бірнеше сағат бұрын елдің рухани жетекшісі – Аятолла Әли Хаменей де салдырды.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу