Тәуелсіздік шежіресі: 2003 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік шежіресі: 2003 жыл

27.06.2021

Тәуелсіздікке 30 жыл. Тележылнама айдары. 2003 жылдың кейбір оқиғаларына Нұрлан Асқар тоқталады.  

2002-де жаһанда 390 теракті болды. Гео-саяси қақтығыстың ендігі типі – сенім-наныммен байланысты. Сөйткенде 2003 жылы біз тұңғыш діндер съезін өткердік.

 Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Меніңше біздің жетістігіміз дінді саясиландырмауда деп санаймын. Дінаралық татулық. Бұған қазақстандық ислам дәлел. Мұның бастауы – әйгілі дін ғалымы, суфист Қожа Ахмет Йассауидан басталады.

Хош! Съезден соң, Алматыда елдегі тұңғыш діни білім ошағы – Нұр-Мүбәрак университеті ашылды. Мақсат – сауатты имамдарды көбейту. 2003-тен бастап қажылыққа баратындар саны көбейді. Араға 2 жыл сап, Құрбан айт пен Рождество ресми демалыс күні боп бекітілді.

Нұрлан Асқар, тілші:
Грузияда төңкеріс. Шеварднадзе отсавкаға кетті. Мәскеу Чешенстанды салыстырмалы түрде өзіне қаратты. Ал АҚШ Иракқа басып кіреді. Айтары - Саддам Хусейн жаппай қырып-жоятын қару шығарады-мыс. Соғыс ашты. Қиратты. Бірақ Иракта ондай қарудың жоқ екенін АҚШ өкіметі соғысты бастамай тұрып білген еді.

2003-те Қазақстандық Олег Зезев есімді хакер әйгілі «Блумбергтің» басына қара бұлт төндірді. Зезев алып компанияның қауіпсіздік жүйесіне оңай кіруге болатынын анықтайды. Сөйтіп иесі Майкл Блумбергтен 200 мың доллар талап етеді. Бірақ бопсалау жүзеге аспай, АҚШ ФБР-і хакерді ұстайды. Айып тағады. 3 жыл мерзім береді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
 Мен мына жайтты анық түсіндім: бізге тиянақты да теңгерімді дамудың үлгісі керек екен. Ол үшін экономиканың басты трендін түзетіп, оны шикізаттық сипаттан индустриалдық, өңдеушілік бағытқа әртараптандырудың жолын табу қажет еді.

«Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан үзінді

2003-те Назарбаев индустриалды-инновациялық даму стратегиясы дейтін құжатты бекітті. Мақсат – экономиканы мұнайға ғана байламай, әртараптандыру.

Нұрлан Асқар, тілші:
Шикізат азаяды. Кен сарқылады. Ендігі «Б» планы қажет. Сөйтіп сәуірде стратегия Сингапурлық үлгіге салынды. Араға ай сап, 20 мамырда бекітілді.

 2003–2006-да даму институттары 100-ден астам жобаға 2,1 млрд долларды құяды. Қаржы инфрақұрылым және өңдеу өнеркәсібі салаларына бағытталды. 2003-2005-те агро саласына 150 млрд теңге бөлдік. Медицинаға қосымша 30 млрд қаралды. Сөйтіп Республиканың әр тұсынан 10 экономикалық аймақ құрылды. Алғашқысы - Астана.

Бауыржан Ысқақов,  экономика ғылымдарының кандидаты:
Мысалы, Солтүстік өңірлеріміз астыққа жақын болса, соған байланысты кәсіпорындар құру, Шығыста шикізат болған соң, сол салаға мамандандырылғаны нақты көрсетілген.
Мақсат Халық, экономист: 
2003-2005 жылдары ЖІӨ 10 пайыздық өсімді көрсетті. 2003-2005 жылдары 1 ші кезең болды. 2005-2010 жылдары 2 кезең. 2010-2015 жылдар 3 кезең боп бекітілді.

 2003-те парламент пен Үкімет жер мәселесін көтерді. Ендігі 49 жылға жалға емес, жекеменшік құқығын берейік деген ұсыныс айтылды. Иманғали Тасмағамбетов үкіметі ұсынған «Жер кодексіне» депутаттар қарсы шығып, жерді тегін беруді сұрады. Бірақ президент үкіметті таратты да, үкіметтің «Жер кодексін» бәрібір өткізді. Ол «Жер кодексінің» бұрынғыдан айырмасы – ауыл шаруашылық жерлерін сату, жекеменшік енгізу болатын.

2003-те қып-қызыл таңбасымен Асар партиясы жарқ етті. Дариға Назарбаева енді саясатпен айналыса бастады. Насихаты сәтті жүріп, келесі жылғы мәжіліс сайлауында әжептеуір дауыс жинайды. Алайда 2006-да «Асар» «Отан» партиясымен бірігеді.

Нұрлан Асқар, тілші:
Шылым шегу денсаулығыңызға зиян деген жазулар бізде 2003-те пайда болды. Өйткені темекіден кісі өлімінің саны еселенді. Денсаулық сақтау министрлігі табак өндіретін компанияларға талап қояды. Алайда жазулар әуелгіде кіші шрифтпен қана жазылған еді. Дегенмен бұдан кейін талап күшейе берді.

2003-тің соңында Президент өлім жазасына мораторий жариялады. Бұл жаңалық, атылғалы тұрған 6 кісіні өлімнен құтқарып қалды. Сөйтіп жаза, өмірбақи түрмеде отыруға алмастырылды. Оған мекеме, түрме персоналы керек. 14 млн теңге жұмсалды. Сот жаңылысса, жазықсыз жан өлімге қиылуы мүмкін дегендер, мораторийді қолдады. Айтпақшы, «Думан» океанаримуы осы жылы ашылды.

Кешен Гиннес кітабына бірден енді. Өйткені мұхиттардан ең жырақта жатқан мұхит бөлшегі еді. Су қоры – 3 млн литр. Су құрамын мұхитпен теңестіру үшін мамандар 120 тонна теңіз тұзын қосады. 2 мыңнан астам мұхитта өмір сүретін балық-жануарлар жіберілді. Тіпті акулаға дейін...

Нұрлан Асқар, Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу