Елордада бассейнде бала суға кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада бассейнде бала суға кетті

03.06.2019

Оқушылардың жазғы демалысы Елордада қайғылы оқиғамен басталды. Қаладағы ірі ойын-сауық орталығындағы демалыс орнында 1-сынып оқушысы бассейнге батып кетіп, қайтыс болды. Орны толмас қайғы бүгін күндізгі  11 шамасында болған. Бүлдіршін лагердегі жетекшісімен және өзге де балалармен бірге шомылуға барған. 

Елорададағы ең ірі әрі танымал Ханшатыр сауда-ойын сауық орталығындағы қайғылы оқиға күндізгі сағат 11-лерде болған. Ұзындығы 25 метрлік бассейнде 200-дей бала суға түсіп жатқан. Тіпті оның маңында мектеп тәлімгерлері, ата-аналармен қоса, 14 үлкен кісі болыпты. Сондай-ақ, бассейн айналасында 3 құтқарушы жұмыс істеген. Алайда тереңдігі  1 жарым метр бассейнге баланың батып бара жатқанын ешкім байқамапты.

Оқиғаға қатысты ойын-сауық орталығының қызметкерлері бізге қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Наргиза, ойын-сауық орталығының жұртшылықпен байланыс бөлімінің қызметкері:

Қазір бассейн жабылып тұр. Ешкім болмайды онда. Құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері жүр. Сондықтан біз ештеңе айта алмаймыз.

Оқыс оқиғаға қатысты қазір қалалық полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр.

София Қылышбекова, қалалық ІІД баспасөз қызметінің басшысы:

Қайғылы оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу-тексеру жүріп жатыр.  ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабымен басталды. Тиісті сараптама тағайындалды. Оның ішінде, сот-медициналық сараптама. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр.

Қайғылы жағдайда қаза тапқан қыз бала қаладағы 10-мектепте 1-сыныпта оқыған. Жазғы лагерьге ата-анасының өтініші бойынша жазылыпты. Өзі көп балалы отбасынан шыққан екен. Үйдің үлкені болыпты. Жазғы демалыста оқушысы жазатайым жағдайға ұшыраған мектепке әзірге ешкімді кіргізбейді.

Әзірге қайғылы оқиға болған орын жабық тұр. Бірақ алдағы екі-үш күнде қалпына келтіріліп, қайта іске қосылады,-дейді орталық өкілдері.

Осы қайғылы жағдайға байланысты қалалық білім басқармасы, кешке таман журналистерді жинап алып, мынадай мәлімдеме жасап үлгерді.

Дулат Жекебаев, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл бірінші рет емес, жылда осылай балалар Ханшатырға барып отыратын. Мектеп тарапынан және Ханшатырдың өзінің ішіндегі инструкторлары тарапынан барлық баланың қауіпсіздігіне байланысты іс-шаралардың барлығы дұрыс болған. Бүгінгі таңда тергеу іс-шаралары жүріп жатыр. Сондықтан қандай кемшілік болды, қандай қателік болды, қандай себептерден мұндай жағдай орын алғанын ашық айту әлі ерте. 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу