Жәңгір хан туралы телехикая күзде эфирге шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жәңгір хан туралы телехикая күзде эфирге шығады

28.06.2021

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасында тағы бір тарихи телехикая. Алматыда Жәңгір хан өмірі, оның саяси аренадағы рөлі және билеуші сарайындағы ішкі өмірді суреттейтін «Сарай сыры» атты сериал түсіріле бастады. Осы күзде көрерменге жол тартатын телехикаяның «алғашқы кадр» рәсіміне Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен «Қазақстан» телерадио корпорациясы басқарма төрайымы Ләззат Танысбай қатысты.

Тарихты қайта түгендеп, ұлт тұлғаларын ұрпаққа кеңінен насихаттау – басты міндет. Сондықтан, алдымызда зор жауапкершілік тұр. Осылай деген министр Аида Балаева шығармашылық топқа сәттілік тілеп, үлкен сенім артатынын жеткізді. Алғашқы түсірілім әдеттегідей киногерлердің қолтаңбасы қойылған ыдыс сындыру дәстүрімен басталды.

12 бөлімнен тұратын «Сарай сыры»  телехикаясында Бөкей ордасында 1823-1845 жылдары билік құрған Жәңгір ханның тұлғасы, оның халықты білімге тартуға бағытталған бастамалары, сарайдың ішкі өмірі, ханшалар арасындағы текетірес, төрелер арасындағы түрлі оқиғалар бейнеленеді. Дегенмен, тарихта Жәңгір хан туралы нақты деректер аз. Сондықтан, мамандар зерттеушілерден түрлі мәлімет жинап, соның негізінде сценарий жазып шыққан.

Бақыттас Санитас, қоюшы-режиссер:
Хан сарайында болған өмірі, тұрмысы, тіршілігі, бәрін қамтуға тырысып жатырмыз.  Хан Жәңгір мен Исатай Таймановтың арасында болған текетіреске дейінгі кезеңді алып отырмыз.  Көркемдік жағынан көрсетуге тырысамыз.

Телехикаяға актерлер ұзақ іріктелді. Кастингке қатысқандардың ең үздіктері жан жақты талқылаулар арқылы таңдалған. Бұдан бөлек, кейіпкерлердің сол заманға сай костюмдері түгел жаңадан тігілді. Сериал үшін арнайы декорация тұрғызылды.

Шыңғыс Арманұлы, жоба продюсері:
Өзі екі блокқа бөлінеді. Осы павильон және де натура. Фильмнің 50 пайызын сол жақта түсіреміз.  Сарайдың сыртын салып, жәрмеңкеміз бар ол жақта. Екі үш ауыл бар. Махамбеттің ауылы деген сияқты.

Телехикая биыл күзде эфирге шығады. Жалпы «Қазақстан» телерадио корпорациясы қазір 6 тарихи сериал түсіріп жатыр. Яғни тарихи туындыларға аса маңыз беріп отырмыз деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай. Жаңа маусымда «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Қаныш. Қазына», «Тәшенов. Тайталас» сынды сериалдар да көрерменге жол тартады

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу