Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесті. Кремльде өткен бас қосуда Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамытудың перспективалары мен аймақтағы өзекті мәселелер талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Біздің байланысымыздың тарихы, яғни Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас – тұрақты әрі мемлекетаралық қатынастың үлгісі болып саналады. Мен бұдан былай да осы бағытты ұстана беремін. Сол үшін сіздің ұсынысыңыз бойынша Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің Құрметті төрағасы қызметін қоса атқарып жүрмін.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президентіне пандемия кезінде Қазақстанға көрсетіп жатқан қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Қазір Қарағанды фармацевтикалық зауытында ресейлік «Спутник V» вакцинасын шығару аясындағы тиімді әріптестік жолға қойылған. Ал Владимир Путин карантиннің теріс әсеріне қарамастан екіжақты байланыс оң қарқын алып отырғанын атап өтті. Айтуынша, бұл Ресей мен Қазақстан арасындағы алыс-берістің жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Пандемия салдарынан тауар айналымы 4 немесе 5 пайыз төмендегеніне қарамастан, биылғы жылдың алғашқы жартысында 20 пайызға жуық өсім байқалып отыр. Бұл өзге бағыттар бойынша да біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы дамитынын көрсетеді.
Досжан Маратұлы