Қазақтың қара домбырасын бүгінде жаһан жұрты да жақсы біледі. Сыңғырлаған қоңыр үніне қызығып, қазақтың ұлттық аспабында еркін ойнай білсем деушілер көп қазір. Домбыра тартуды ғаламтордан үйренген еуропалықтар байқауларда бағын сынап, тіпті жеке концерт беріп жүр. Қарт құрлықтағы домбырасүйер қауыммен тілшіміз Нұрсұлу Қасым тілдесті.
Бұл - Еуропа жұртшылығына қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеп жүрген Герман. Украин жігіті салалы саусақтарымен күмбірлеген күйді төкпелеткенде еуропалықтар сілтідей тынады. Қазақтың сыбызғысы мен шаңқобызының үнін қарт құрлықтағылардың көбі алғаш Германның концертінен естіпті. Музыканттың бағын ашқан да осы қазақтың ұлттық аспаптары.
Герман Попов, музыкант:
Мен түркі халықтарының фольклорын,жоғалып бара жатқан ұлт аспаптары жайлы зерттеумен айналысып жүргенде, ғылыми экспедициямен Қазақстанға тап болдым. Сол кезде домбыраның үнін алғаш естіп, ғашық болдым. Бірнеше түрін сатып алып, ойнауды үйрендім. Қазақтың ұлттық аспаптары, дәстүрлі музыкасы керемет. Соны сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек.
Домбыра десе, ішкен асын жерге қоятындардың бірі түрік жігіті Гуркан. Қос ішекті аспапта ойнауды ғаламтордан 6 ай ішінде үйреніпті. Қазір Бельгияда өтетін музыкалық шараларда домбырамен ән-күй орындап, көптің ықыласына бөленіп жүр.
Гуркан Агметоглу, музыкант:
Домбыраны не үшін үйрендің деп сұрайды көбісі. Домбыра біздің ата-бабамыздың ұлы мұрасы. Осы мұраны болашақ ұрпаққа аманат етуіміз керек. Мына домбыраны Түркия қазақтарынан сатып алдым. Енді, қазақтың дәстүрлі музыкасын үйрену үшін барымды саламын.
Гурканның тағы бір арманы-қазақ тілін жетік меңгеру. «Талаптанғанға тіл үйрену түк емес»-дейді венгриялық Дәуіт Шомфай. Қазақша мақалдатып сөйлегенде сіз бен бізді шаң қаптыратын мажар ғалымы қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын зерттеді. Енді музыкасына терең бойласам деп, домбыра үйреніп жүр.
Дәуіт Шомфай Қара, мажар ғалымы:
Ырыс алды-ынтымақ дейді ғой қазақтар. Егер ынтымақ болса, қандай дағдарыс болса да 90 жылдардың дағдарысы, сондай дағдарыстан ауызбірлікпен, ынтымақпен қазақтар өтіп, одан әрі дамысын.
Мажар ғалымы қазақтың жыр, термелерін жатқа айтсам дейді. Кәсіби музыканттан дәріс алғысы келетін Дәуіт пен Гурканға Герман көмектесуге әзір. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра»деп мақалдатқан үш жігітті қарт құрлықта табыстырған да осы қазақтың киелі аспабы.
Нұрсұлу Қасым