Ең қымбаты 1 млн теңге: Алматылық шебер 3 жылда мыңға жуық домбыра жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ең қымбаты 1 млн теңге: Алматылық шебер 3 жылда мыңға жуық домбыра жасады

04.07.2021

Рас осы, домбыра – қазақтың жаны. Домбыра – қазақтың өзі. Шілденің бірінші жексенбісі – Домбыра күні қалай үндемей қаламыз?! Былтыр халық қатты ауырып, қайғырып жүргенде Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйіне тоқталып едік, биыл Құрманғазының күйлерін айтып кетсек. ...

XIX ғасырдың 30-жылдары Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қалай елеңдемесін, ұлттың азаттығын оның өзі де уайымдаған. Өзі де бірнеше мәрте түрмеге қамалған. Орал, Орынборда, Үркіт түрмелерінде отырған.

Құрманғазының «Кішкентай», «Ақбай», «Түрмеден қашқан», «Адай» тағы басқа күйлерінсіз болмысымыз толымсыз болар еді. Қайғыны дәл сипаттайды, дегенмен рухты да қамшылайды.

Бүгін Президент домбыра күніне арналған концертке барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз.

Президент сөзін «Домбыра – қазақтың жаны» деп аяқтады. Домбыра күніне орай Амангелді Сейітханның материалы.

«Шілде келді дегенше, ән мен күй бірге келді десеңші». Бұл айдың бірінші жексенбісі ұлттық өнердің бір жасайтын күні. Домбырадан күмбірлеп күй, әуелеп ән төгіледі...

Мұрат Әбуғазы, күйші, ҚР мәдениет қайраткері:
Домбыра күнінің белгіленуі өте тамаша үрдіс болды. Енді биыл 4-ші жыл өтіп жатыр. Жалпы, енді домбыраның насихаты жақсы бірақ, дегенмен де мына болашақта мұны биік деңгейге көтеру керек деп ойлаймын.

Сонда, домбыраға құрмет қандай болуы керек?

Рамазан Стамғазиев, әнші, ҚP мәдениет қайраткері:
Көршілес жатқан Қытайда мысалы ұлттық опералары бар. Олар ұлттық операсына бәленбай бюджеттен ақша бөлініп, соларды қамтамасыз етеді. Сол сияқты біздің де мемлекетіміз тек қана домбыра күні деп қоймау керек.

Ал, бізде осы «Домбыра күні» бекітілген кезде сүйіншілеп ашқан «Домбыра» телеарнасы былтыр қайтадан жабылып қала жаздады. Өйткені...

Қанат Ержігіт, «Домбыра» телеарнасының директоры:
Бұл коммерциялық арна емес. Бұған ешқандай жаңағындай жарнама келмейді. Өйткені, біздің ауқымымыз кең емес. Тек ID TV «Қазақтелекомның» кабельдік желісі арқылы ғана тарап отырмыз. Айына 1 млн 100-дей біз абоненттік төлем төлейміз. Екі жылдан бері Үкіметтен сұрап отырғанымыз осы мынау 5000 ауыл бар. Бәрі спутник делісінде ғой, «Отау» желісіне қосылу. Екі жылдық конкурстада осынын сұрап отырмыз. Бірақ бір себептермен өте алмай отырмыз.

Жауаптылар телеарнаның контенті аз деп қайырған. Ал, 10 адам ғана жұмыс істейтін ұжым 2 жылда 12 облысты аралап, 5 мың шығарма түсіріп алған. Ендігі мақсат - соларды жаңа форматта елге ұсыну. Ойда түрлі жоба сайрап тұр, бірақ қолды қаржы байлап тұр.

Қанат Ержігіт, «Домбыра» телеарнасының директоры:
Қаншама осы министрлікке де бағдарламалар ұсындық. Бағдарламалардың бағасы да қымбат емес. Әр бағдарламаның құны 350 мыңнан 500 мыңға дейін. 20 бағдарламаға 7 млн көлемінде қаражат сұрадық.

Бір арна жабылды деп, ұлттық өнер өлмес. Бірақ, сол арнаға деген көзқарас өнерге деген көзқарасты көрсетсе керек.

Рамазан Стамғазиев, әнші, ҚР мәдениет қайраткері:
«Домбыра» арнасы жеңіл ашыла қойған жоқ. Жан-жақтағы облыстағы жатқан өнерпаздарды әкеп, ортаға салып, қаншама концерттер көрсетілді. Бірақ оны мемлекет қолдап отқан жоқ.

Осыдан кейін кімге күйші бол дейсің. Бірақ, сонда да домбырасын арқалап, жоғары оқу орнына баратындар аз емес. Соңғы 2 жылда 2 есе артқан. Бірақ, оқу оңай болғанымен, сол дипломмен өмір сүру қиын.

Рамазан Стамғазиев, әнші, ҚР мәдениет қайраткері:
Жастарды қазіргі кезде жұмысқа орналастыру, оларды еңбекпен қамту деген мәселе ақсап тұр. Өйткені, қазіргі кезде оқу бітіріп жатқан адамдардың барлығы осындай өнер ошақтарына жұмысқа орналасып кеткен жоқ. Өйткені, штат жетпейді, орын жетпейді. +03:30 Біздің концерттік бірлестіктердің аздығы, 60 бала бітіріп шықса 60-на 60 концерттік бірлестік керек баратын.

Десе де, Домбыра күні бекітелгелі ұлттық аспапты ұлықтау үшін жер-жерде «Домбыра» пәні енгізіліп, оқу құралдары мен хрестоматиялар жаңартылып жатыр.

Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:
«Мәдениет туралы заңға» да өзгерістер енгізіліп, облыстардағы мәдениет басқармалары арқылы балаларды шығармашылыққа баулу мақсатында қазір елде көптеген жаңағы орталықтар ашылып жатыр.

Бұл орталықтарға анша бала барып жатқаны тағы белгісіз.

Өйткені, қазір жастардың қолынан домбыра емес, телефон түспейді. Бірақ, сол смартфонның өзін сайратып жүргендер бар.

Бұл мобильді қосымшамен күй тартып, ән айтуға болады. Нұрлан оны 2017 жылы ойлап тапқан. Содан бері 20 мемлекеттен 7 мың адам көшіріп алыпты. Көбісі шетелдіктер...

Нұрлан Қамбар, өнертапқыш:
Интернетте, сайттарда көптеген адамдар, әсіресе, шет елде тұратын, Америка, Қытайда тұратын. Оларда домбырасы жоқ қой. Домбыра табу оларға кішкене проблема болатын. Сондықтан да +03:28 домбырасы жоқ адамдар, бірақ домбырада ойнай алатын адамдар үшін шығарылған болатын.

Жоба 4 жыл бұрын App Store -дағы музыка бойынша үздік 20 қосымша тізіміне енген. Яғни, жаңа форматта ардақтай білсең, домбыраға сұраныс артады. Оны Еркебұлан Уәлиев те байқаған. Үш жыл бұрын шеберхана ашқан жігіт содан бері 1000 шақты домбыра жасапты. Арасында 1 миллион теңгеге сатқаны бар.

Еркебұлан Уәлиев, домбыра шебері:
Соңғы 2 жылда өте сұраныс өте жоғары. Себебі, біздің шеберхана емес, кез келген шеберхананы алып қарасақ, барлығы үлгере алмай жатады. Жеке өзім шебер ретінде айына 7-8, 7 болмаса 10 домбыра жасаймын. 06:52 Қолөнерде ақша бар мысалыға. Әрине, егер жұмыс істесеңіз. Енді құдайға шүкір қазіргі бұрынғы 4-5 жылдан қарағанда қазір мысалы жағдайымызды жасап отырмыз.

Қазір домбыра үйрену үшін ақша төлеп, мектеп іздеудің қажеті жоқ. Интернетте домбыра үйрететіндер көп. Солардың бірі - Сабира. Оның офллайн оқытатын үш мектебі, сонда 100-ден астам шәкірті бар. Бірақ, карантин кезінде онлайн оқытуды қолға алған.

Сәбира Бибатыр, Домбыра мектебінің жетекшісі:
Сабақтардың арқасында көптеген адамдар домбыра үйреніп, 75-80-нен асқан үлкен кісілер хабарласады. +06:04 Шет елден де хабарласып жатқан оқушылар бар. Түркиядан, Ираннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан.

Интернетте домбыраны шетелдіктер көп көретінін мынадан да байқауға болады. Мәселен, «Домбыра» деген атаумен жүктелген материалдар ішінде ең көп қаралғаны ұлттық аспаптың сүйемелдеуімен орындалған әлемдік хиттар. 18 млн мен 10 млн арасында. Ал, үшінші орында 6 млн қаралыммен Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» тұр.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу