Түркістан облысы Отырар ауылында дәнді дақылдар егілген алқаптар қурап кетудің аз-ақ алдында тұр. Ауылдың тұрғындары егістік жерлер тұрмақ, үй іргесіндегі бақшасын да суара алмай отыр. Себебі елдімекендегі жалғыз арыққа су келмегелі бес айдан асқан. Өңірдегі тілшіміз Айнұр Ақбаева тарқатады.
Айнұр Ақбаева, тілші:Үш мыңға тарта халқы бар Отырар ауылы егістігін жалғыз осы Алтынбек каналынан суарады. Алайда соңғы төрт жылда бұл арыққа жүйелі түрде су берілмей қойған. Жергілікті халықтың айуынша, арыққа соңғы рет сәуір айында су келген. Содан бері тұрғындар тамшы суға да зәру болып қалдық дейді.
Су болмаған соң ауыл тұрғындары жыл санап егін егуді азайтқан. Ал, биыл тіпті дақыл өспей, жоңышқанің өзі оруға келмей қалған.
Нұрқұл Ердімқұлов, Отырар ауылының тұрғыны:Қазір егін ешкім еккен жоқ Отырар ауылында. Жоңышқалық бар, жоңышқалықтың өзі күйіп жатыр. Мынаны тура жылағың келеді. Еңіреп, етпеттеп жатқың келеді. Халық шаршады әбден, алды көшіп жатыр. Не істерімізді білмейміз. Талай жерге айттық, талай жерге шағымдандық, ешқандай нәтиже жоқ.
Сәбит Жанпейісов, Отырар ауылының тұрғыны:Былтыр 4 гектар ектім, күйіп кетті бәрі. Мұны ешкім қайтарып бермейді оны. Биыл жоңышқа ектім, су жоқ. Бәрі күйіп кетті. Міне, осы тұрған адамның бәрі күйіп жатыр. Су болмаса, егін болмаса, малымызды кім асырайды.
Көпшіліктің сөзінше, 2009 жылы Алтынбек каналы бетондалып, Отырарға баратын тұсын жарты метрге дейін биіктетіп жіберген. Содан бері арыққа судың келуі қиындаған.
Ал, каналды қарамағына алған "Қазсушар" мекемесінің өкілдері болса арықты бетондау кезінде өрескел кемшіліктер кеткенін растады. Бірақ, сәуірден бері су келмеген ауылға тіршілік нәрін тұрақты беріп отырмыз деп айды аспанға бір-ақ шығарды.
Бекзат Жанатаев ,Қазсушар РМК Отырар өндірістік бөлімшесінің аға инженері:Төрт насос қосып қойғанбыз, бір кубын Қоғам ауылдық округіне,бір кубын Қарғалы ауылдық округіне берудеміз. Су кешеге дейін болды деймін, Отырар, Қарғалыда.
Ала жаздайғы еңбегі еш, бейнеті бос кеткен диқандардың шығынын өтейтін ешкім жоқ. Бірақ аудан басшылығы суды бірер күнде береміз деп уәде етті.
Ырысгелді Әліш, Отырар ауданы әкімінің орынбасары:Қазіргі таңда Алтынбек каналына екі суткадан кейін ішіндегі ағып жатқан суға 6 куб суға жеткізіп, екі суткадан кейін Отырар ауылына бірінші кезекте жүгерілерге су жеткізуді қамтамасыз етеміз. Қосымша бір куб су қосамыз былай қарап. Уәде беремін.
Десе де ағын судың азабын тартып, шығынға шаш етектен батқан шаруалар аудан әкімдігінің де, "Қазсушар" мекемесі өкілдерінің де сөзіне сенуден қалған. Мәселе таяу күндері шешілмесе көрші ауылға көшуге бекініп отыр.
Айнұр Ақбаева