Алматыда Астана күніне орай екі мектептіңмаңынан 725 орындық қосымша нысандар мен 120 балаға арналған төрт мемлекеттік балабақша ашылды. Сондай-ақ, бірнеше жекеменшік білім беру мекемесі пайдалануға берілді. Нәтижесінде орын тапшылығы едәуір азайып, жаңа жұмыс орындары артуда.
Мереке қарсаңында ашылған мекемелердіңбірі 120 балаға арналған №193 балабақша. Наурызбай ауданында бой көтерген су жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынған және бүлдіршіндер үшін ыңғайлы құрал-жабдықтар таңдалған. 40 адамды жұмыспен қамтыған балабақша тамыз айынан бастап 6 топты қабылдауға тас-түйін дайын.
Гүлзат Жұмаділдаева, №193 балабақша меңгерушісі:Қазіргі таңда ата-аналар келіп жатыр. Сұрап жатыр. Қуанып жатыр. Бұл балабақша балаларға ыңғайлы жерде орналасып, ата-аналарға тиімді болады деген ойдамыз.
Зиякүл Шемербаева, Наурызбай ауданының тұрғыны:Қуанғанымыз соншалықты! Мемлекеттік балабақша көп болса екен деп тілейміз. Алып келіп, алып кеткенімізге де қолайлы. Ұжымдарға рахмет айтқым келеді.
Алатау ауданындағы №166 мектепке жапсарлас салынған жаңа корпус та мереке қарсаңында пайдалануға берілді. Бұған дейін 360 орынға арналған нысан бұдан былай 500 оқушыны қабылдауға қауқарлы. Ғимаратта 150 орындық асхана, 17 арнайы бөлме мен үлкен спорт зал бар. Айта кетейік, бұл мектеп "Шетсіз қала" бағдарламасы аясында тұрғызылған.
Талғат Ахметов, №166 мектеп-лицейінің директоры:Бұл біздің көптен бергі арманымыз еді. Балалардың алаңсыз білім алуына керемет жағдай жасалып отыр. Осыныңнәтижесінде мемлекет басшысы үнемі айтатын білім сапасы артады деген ойдамыз.
Ләззат Жылқыбаева, қалалық білім басқармасының басшысы:Қала мектептерінде 30 мыңға жуық орын тапшы. Сондықтан, шаћар басшысының тапсырмасымен биыл 8 мектеп, 17 қосымша ғимарат пен 6 жекеменшік мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, 5 мың орынға арналған 5 балабақшаны іске қосу жоспарланған.
Аталған білім беру мекемелері бой көтеріп, қолданысқа берілген соң 22 500 орын, яғни сұраныстың 73 пайызы қамтылмақ. Ал алдағы екі жылда 10 мемлекеттік балабақша, 4 мектеп пен жұмыс істеп тұрған білім беру мекемелеріне 11 қосымша ғимарат ашу жоспарланып отыр.