Кейбір мемлекеттер вакцина алуды міндеттеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кейбір мемлекеттер вакцина алуды міндеттеп жатыр

08.07.2021

Францияда кейбір азаматтарды иммундауға міндеттеу мәселесі қарастырылып жатыр. Өйткені екпе алу науқаны баяу. Ал вакциналау қарқынды жүріп жатқан елдерде құрбандар саны тәулігіне 7900-ге дейін азайған. Мәселен, вакциналауға дейін жер-жаһанда қаңтарда ковидтан күніне орта есеппен 18 мыңдай адам қайтыс болып келген. Жалпы, бүгінге дейін әлем бойынша көз жұмғандар саны 4 миллионнан асты.

Коронавирус пандемиясына төтеп беру үшін тұрғындарды екпе алуға міндеттеп жатқан елдердің бірі – Франция. Бұл мемлекетте ковидке шалдыққандардың 40 пайызынан қауіпті инфекцияның «Дельта» штамы анықталған. Және де шілдеде мұндай науқастардың күн сайынғы саны маусымға қарағанда көбейіп отыр. Сол себепті үкімет азаматтарды міндетті түрде екпе алуға үндеді. Дегенмен, француздардың бірі мұны қолдаса, екіншілері қарсы.

 Саида Дахани, Париж тұрғыны:
Мен вакцина алғысы келмейтіндерді түсінбеймін. Өздері үшін болмаса да, өзгелерді ойлау керек қой. Бетперде кию, локдаундардан әбден қажыдық. Шыдам таусылды. Еркін өмір сүруді қалаймыз. Бәріміз екпе алсақ, өмір бұрынғы қалпына оралады. Бұл - менің пікірім.
Аурелиен Делапорте, Париж тұрғыны:
Неліктен вакцина алмай жүргенімді түсіндірген кезде, өзгелер мені қастандық теориясын жақтаушы деп қабылдайды. Бірақ мен өзімді олай деп санамаймын. Денемде вирус белгілері болмаса, вакцинаның пайдасы жоқ деген пікірдемін.

Сарапшылар вакциналауды тездетуге үндеп жатыр. Әсіресе, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін міндетті түрде егу керек дейді.

Жан-Дэниель Лелиевр, профессор:
Францияда «Дельта» штамының күн сайын өршіп жатқанына куә болып отырмыз. Қауіпті түрдің тарауын тоқтату үшін вакциналау ауқымын шұғыл түрде кеңейту қажет .

Тұрғындарды иммундаудың әр елде өз тәсілі бар. Бір мемлекеттер екпе алмағандарды шектеп жатса, екіншілері жұртты вакцина салуға ынталандырып әлек. Кейбіреулер екі әдісті де қолданады.

Австралияда қарттар үйі қызметкерлері, әуежайлар мен аймақаралық жүк тасымалы, кен орындарының мамандары ковидке қарсы вакцина алуға міндеттеліп отыр. Осыған ұқсас шараларды Ұлыбритания да енгізбек. Ал, Италияда вакцина алмаған медицина қызметкері жұмыстан қуылады. Индонезияда екпеден бас тартқандар айыппұл төлесе, Грекияда 18 - 25 жас аралығындағы иньекцияланған жастарға 150 еуро беріледі. Біріккен Араб Әмірліктерінің кейбір қалаларына тоқталсақ, оларда вакцина салдырмағандар тамыздың 20-нан бастап сауда үйлеріне, дәмханаларға, спорт залдарға, мұражайларға, мектептер мен жоғары оқу орындарына кіре алмайды. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу