Тәуелсіздікке 30 жыл. Тележылнама: 2004 жыл айдары. Нұрлан Асқардың материалы.
Қазақстан темір жолына 100 жыл. Отарбаны отаршыл саясат – «елді орталықпен байланыстыру, Еуропаға жол» - деп салмады, шойынжол Қазақстандағы шикізатты жинап-теріп, тасу үшін төселді. Былайғы, барлық бағыт - Мәскеу десті.
Нұрлан Асқар тілші:2004-те енді ел ішін аралайтындай еттік. Облыстар арасын теміржолмен байлауға көштік. Әуелгісі Алтынсарин – Хромтау бағыты еді. Ұзындығы 404 шақырым. Бұрын елордадан Ақтөбеге жету үшін, пойыз Ресей аумағына кіріп-шығатын. Үзілісі, тексерісі көп. Бастысы жылына 160 млн доллар үнеудеуге мүмкіндік алдық.
Жол 15 сағатқа қысқарды. Билет құны 2 есе арзандады. Айтпақшы, Павлодар – Екібастұз теміржолы бойы электрленді. Барлығы 132 шақырым. Ендігі электровоздар жүре бастады. Егемендіктің мүшел жасында «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбырының іргесі қаланды. Магистраль арқылы Қазақстан 20 млн тонна қарамайды Қытайға экспорттап отыратын болды.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті –Елбасы:Ойлап-ойлап, осы біз ашып тұрған сарайдың атын Ақорда деп атасақ деп ұйғардым. Бұл сөздің еш астары жоқ, бұл ықылым заманнан ата- бабамыздың аңсаған, осындай болса екен, елдің шаңырағы биік болса екен сөзден шықты деп ойлаймын.
2004-те бағаналы басты орданың тұғыры Есілдің бойынан орын тепті. Сәулетшілері – ағайынды Арапбай және Байғұтты Тортаевтар. 7 қабатты жоба сызбасы 6 ай сызылды. Шетелдік резиденциялар зерттелді. Атауын Ақселеу Сейдімбек ұсынған екен.
Байғұтты Тортаев, сәулетші:Кез келген қабаттағы адамдардың жүріп-қозғалуы бар емес пе? Келген қонақтардың кірісі бқөлек, Елбасынікі бөлек. Бір-бірімен араласып кетпеуі керек. Сөйтіп жасау керек болды.
2004-тегі олимпиададан бастап бокстағы 69 келі салмақ қазақтікі деген ұғым қалыптаса бастады. Афина Бақтияр Артаевтың бағын жақты. Жалпы есепте 1 алтын, 4 күміс, 3 қола иемденіп, елге оралдық.
Нұрлан Асқар, тілші:2004-тегі «Көшпенділер» 34 млн долларға түсірілген еді. Фильм қымбат әрі даулы болды. Өйткені ақырғы түзету сәтінде келіспеушілік орнап, режиссер Иван Пассер тастайды да кетеді. Орнына Сергей Бодров келді. Продюсері – Милош Форман.
Айтпақшы, жастар жағы фильмдегі Мансұрдың «Матрицадағыдай» трюктерін көріп мәз. Дәстүрді дәріптеушілер Мансұрды мексикалық Куно Беккердің ойнағанына ренжіп жатты. Фильмнен соң, Қапшағайдан 30 шақырым жерде соғылған қала декоры қалды. Қазір тарихи құрылыс туристік танымал орынға айналды.
2004-тің 19 желтоқсанында бұрынғы әйгілі банк - «ТұранӘлем» төрағасы Ержан Тәтішев аң аулауға барғанында машина аударылып, абайсызда атылған оқтан опат болды деген хабар тарады. Кісі қолынан қаза тапқаны соңғы жылдары ашылды. Мұратхан Тоқмади банкирді Мұхтар Әбләзевтің тапсырмасымен өлтірдім деді. Ол үшін 4 млн доллар алғанын айтты.
2004-тен бастап жаһанда смартфонның алғашқы нұсқалары шыға бастады. Қалтафондардың басты ерекшелігі – камера сапасының тез дамуында еді. Былайғы, диктафон, блокнот, калькулятор, сағат секілді заттардан микс жасай бастады.
Нұрлан Асқар, тілші:2004-тің 4 ақпанында Гарвардтық студент небәрі екі жылдан кейін өзінің ең жас миллиардер болатынын білмеді. Бозбаланың есімі Марк Цукерберг еді. Ол Фейсбукты ойлап тапты. Болды! Ендігі әлеуметтік желі жаһан жұртының айырылмайтын серігіне айналды.
Нұрлан Асқар, Шерхан Жамбылұлы