Литвада қазақ кітаптарына сұраныс жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Литвада қазақ кітаптарына сұраныс жоғары

12.07.2021

Литвада қазақ кітаптарына сұраныс артып келеді. Ел астанасы Вильнюстегі қоғамдық кітапханадан былтыр еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі «Абай» оқу залын ашқан болатын. Литва тілінде шыққан «Абай жолы» мен өзге де туындыларға оқырманның қызығушылығы жоғары. Мектеп, балабақша балғындары қазақ ертегілерінің кейіпкерлеріне еліктеп өсуде.

Хакім Абай Еуропаға аты мәшһүр Адам Мицкевичтің поэзиясын қазақ тіліне аударған алғашқы Шығыс ақыны еді. Енді сол Мицкевич атындағы қоғамдық кітапханада былтырдан бері «Абай» оқу залы жұмыс істеп тұр. Литва тіліндегі «Абай жолы», Әнуар Әлімжановтың Әл-Фараби жайлы «Ұстаздың оралуы» романы, қазақтың тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрінен сыр шертетін құнды еңбектер сөрелерде самсап тұр.

Эмилия Банионите, А.Мицкевич атындағы қоғамдық кітапхананың директоры:
Абайдың топтамасын сыйға тартып, Қазақстанның мәдениетімен тереңірек танысуға мүмкіндік туғызған Қазақстан елшілігіне алғысымыз шексіз. Бұл өте құнды топтама. Ғылым, білім, мәдениет, барлық саланы қамтитын еңбектерді оқырмандар үйлеріне алып кетіп оқи алады.

Қазақ ертегілері де литвалық мектеп оқушылары мен балабақша балғындарының сүйікті топтамасына айналған. Кітаптың ішіндегі суреттер кішкентай бүлдіршіндерді еріксіз елітіп әкетеді. Қиял-ғажайыпқа толы оқиғаларды тыңдағандар Алпамыстай батыр, Алдар көседей халыққа қамқор болуды көксейді.

Аста Крауелиене, балабақша директоры:
Қазақ ертегілері өте қызықты, мағыналы. Аңдардың, жан-жануарлардың суреттерімен кітап әдемі безендірілген. Кейіпкерлері де бір-біріне ұқсамайды.

Рамуте Жандариене, «Жара» баспа үйінің директоры:
Мен өзім де қазақ ертегілерін асқан қызығушылықпен оқып шықтым. Фольклорларыңызға тәнті болдым. Балалар түгілі ересектер үшін маңызды ойлар айтылады. Тәрбиелілік мәні зор.

 «Жара» баспасы шығарған литва тіліндегі қазақтың құнды еңбектері мен ертегілері елдің ірі кітапханаларына, ауруханадағы балаларға таратылды. Баспа үйі жақында Қазақстан тарихын литва тілінде шығармақ. Бұл-дүрбелең кезеңде Қазақстанға жер аударылған литва ұлтының өкілдеріне бір үзім нанын бөліскен қонақжай қазақ халқына деген құрметтің белгісі-дейді баспа басшылығы.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу