Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан мәжіліске сайланған депутат Ілияс Бұларов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды.
Осы аймақтағы өзге ұлт өкілдерімен кездесіп, оларға ортақ мәселелерді талқылады. Жұртшылық негізінен кәсіпкерлік пен сауданы дамыту тұрғысында өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Депутат аймақтағы елдімекендерді аралап, ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысымен де танысты. 30-дан астам этнос өкілі тұратын Қордай ауданына соғып, халықтың жағдайына қанықты.
Ілияс Бұларов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Аудандағы жолдардың бәріне тас төселген, бірақ оның сапасын әлі де арттыру қажет. Ауылдарға газ желісі тартылған, енді көгілдір отынның бағасын үнемі назарда ұстаймыз. Халық саны өсіп келе жатқандықтан, мектеп, балабақша салу бойынша ұсыныстар айтылды, оның бәрін тиісті мекемелерге жеткіземіз.