Қостанай облысында үш адам сібір жарасын жұқтырды. Қазір олардың үшеуі де жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Мамандардың айтуынша жағдайлары жақсы. Қауіпті індет жұқтырғандардың бәрі Денисов ауданы Приречное ауылындағы мал өсіретін шаруашылықта жұмыс істеген. Маусым айында осы шаруашылықта 10 сиыр ауырып өлген болатын. Кейін зертханалық сараптама нәтижесінде олардың сібір жарасы індетінен өлгені анықталды. Іле карантин жарияланып, шаруашылыққа тиесілі 54 мың шаршы метр аумаққа, қора-қопсыға екі мәрте зарарсыздандыру жұмысы жүргізілді. 600-ден астам сиыр, 400-ден астам қой-ешкі мен жүзге тарта жылқыға осы індетке қарсы вакцина егілді.
Бауыржан Бекет, ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
Соңғы аптада ауру ошағында мал өлімі тіркелген жоқ. Вакцина салынған малдар күнделіткі ветеринар мамандардың қадағалауында. Малдардың күйлері жақсы. Ауру ошағында қазір жағдай тұрақталды.
Дәуренбек Әбдібек