Австралияның ең ірі қаласы Сиднейде коронавирусқа қатысты локдаун бүгіннен бастап 14 күнге ұзартылды. Бұған дейін үш аптаға жалғасқан шектеу шаралары қауіпті инфекцияны тоқтата алған жоқ. Қаладағы эпидахуал коронавирустың «Дельта» штамына байланысты ушыға түскен.
Ал, Оңтүстік Кореяда өткен тәулікте коронавирус 1615 адамнан анықталды. Бұл - пандемия басталғалы бері антирекордтық көрсеткіш. Осыған орай, билік ел аумағында бейсенбіден бастап карантин шараларын күшейтпек. Шектеу аясында кәсіпорын, ұйым қызметкерлерінің 30 пайызы қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Қоғамдық тамақтану орындары кешкі 10-ға дейін ашық болса, түнгі клуб, бар, караоке жұмысы мүлдем тоқтатылған. Елде митинг, шеру өткізуге тыйым салынды.
Ал, Ресей коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша әлем елдері арасында 4-ші орында тұр. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында жарияланған. Өткен тәулікте бұл елде 780 адам ковидтен қайтыс болды.
Сонымен бірге Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, елде қыркүйектің 20-да жасөспірімдерді вакциналау басталады. Шілденің басынан бастап Мәскеуде 12-17 жас аралығындағы балаларға арналған "Спутник" вакцинасы зерттеуден өтіп жатыр.
Арай Төлегенқызы