Австралияда локдаун мерзімі екі аптаға ұзартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Австралияда локдаун мерзімі екі аптаға ұзартылды

14.07.2021

Әлем елдерін коронавирустың «Дельта» штамының өршуі алаңдатып отыр. Инфекцияның мутацияланған түрі 104 елден табылған. Осыған орай бірқатар елдер шектеу шараларын ұзартуға мәжбүр. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ковидті ең көп жұқтыру фактісі Америка Құрама Штаттарында тіркелген. Бұл елде инфекция 33 миллион 500 мың адамнан анықталды. Тізімде екінші орында Үндістан, одан кейін Бразилия, төртінші орында Ресей тұр. Соңғысында пандемия басталғалы коронавирусқа 5 миллион 833 мыңнан астам адам шалдыққан.

Австралияның ең ірі қаласы Сиднейде коронавирусқа қатысты локдаун 14 күнге ұзартылды. Себебі бұған дейін үш аптаға созылған шектеу шаралары қауіпті инфекцияны тоқтата алған жоқ. Қазір қалада мектептер жабылды. Тұрғындар көшеге тек қажет болған жағдайда ғаана шыға алады.

Глэдис Береджиклян, жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьер-министрі:
Локдаун мерзімін тағы екі аптаға ұзартуға мәжбүрміз. Мұны айтудың өзі мен үшін оңайға соғып тұрған жоқ. Оқушылар да қашықтан оқиды. Жағдайды бақылауда ұстап, екі аптадан кейін жаңа ақпарат береміз.

Ал Оңтүстік Кореяда өткен тәулікте коронавирус 1615 адамнан анықталды. Бұл - пандемия басталғалы бері антирекордтық көрсеткіш. Эпидахуал «Дельта» штамының өршуіне орай нашарлап кетті. Сол себепті билік ел аумағында ертеңнен бастап карантин шараларын күшейтпек. Шектеу аясында кәсіпорын, ұйым қызметкерлерінің 30 пайызы қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Қоғамдық тамақтану орындары кешкі 10-ға дейін ашық болса, түнгі клуб, бар, караоке жұмысы мүлдем тоқтатылған. Елде митинг, шеру өткізуге тыйым салынды. Тұрғындар ковидтің өршуіне алаңдаулы.

Ли Сунг Кю, Оңтүстік Корея тұрғыны:
Бір тәулікте коронавирус 1600-ден астам адамнан табылғанын естігенде қатты қорықтым. Бұл жағдай менің мазамды қашырды. «Дельта» штамы да өршіп жатыр. Өмірімізді аман сақтау үшін алдын-алу шараларын қатаң ұстанған дұрыс.

Ал, Ресей коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша әлем елдері арасында 4-ші орында тұр. Бұл - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі. Өткен тәулікте бұл елде коронавирусқа шалдығудың 24 702 фактісі тіркеліп, 780 адам індеттен қайтыс болды.

Сонымен бірге Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, елде қыркүйектің 20-да жасөспірімдерді вакциналау басталады. Шілденің басынан бастап Мәскеуде 12-17 жас аралығындағы балаларға арналған "Спутник" вакцинасы зерттеуден өтіп жатыр.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу