Елордадағы «Шатыр» тұрғын үй алабының салынғанына үш жыл болды. Бірақ мұндағы интернеттің жоқтығы тұрғындарды әбден мезі еткен. Ұялы байланыс та дұрыс істемейді. Желі сапасын жақсарту үшін ғимараттың төбесіне базалық станция орнатылу керек дейді мамандар. Мәселенің мән-жайын тілшіміз біліп қайтты.
«Хан Шатырдан» 500-ақ метрде орналасқан тұрғын үйлерде байланыс жоқ. Бұған бірнеше себеп бар. Басты себеп бұл маңға базалық станса орнатылмаған.
Талғат Әбділдин, «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС-ның маманы:
Осы тұрғын үйлердің адамдары бізге қолдау көрсетпей, базалық станцияларды қойғызуға рұқсат бермейді.
Бір қызығы, тұрғындардың арасында радиофобияның тұсауына іліккендер мұнарадан бөлінетін толқындардан қорқады.
Асхат Жұмағалиев, ТЕЛЕ-2 ұялы байланыс операторының маманы:
Тұрғындардың 70 пайызы базалық стансаны орнатуға рұқсат беруі керек. Себебі, «Шатыр» тұрғын үй кешенінде оны қалайтындар бар және оған қарсы пікір білдірушілер де бар.
Үй ішінде интернеттің болмауының жалғыз себебі бұл емес. Кезінде осы жақта орнатылған екі базалық стансаның барлық үйлерді қамтуға қуаты жетпейді. Айналасында жаңадан бой көтерген ғимараттар мен қосылған абоненттер сигнал алуға кедергі.
Ертай Дүйсембаев, тұрғын:
Мен интернет қолданамын. Теле-2 деген. 4G. Ол істемейтін болды қазір. Мына үйлер салынғаннан кейін істемейді қазір. Маңайда ретрансляторлар жоқ.
Қазір базалық станциялардан бөлінетін сигналдың қаншалықты төмен екені тексеріліп жатыр. Сапасыз қызметі үшін ұялы байланыс операторлары айыппұл төлейді.
Ержан Мейрамов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің комитет төрағасы:
Содан кейін біз бір шешімге келеміз. Егер сапасы төмен болса, біз айыппұл қолданамыз.
Елордада интернетсіз отырған тұрғын үй кешені жалғыз бұл емес. «Хан шатырдың» артқы жағында орналасқан үйлердің денінде байланыс жоқ деп базынасын айтатын тұрғындар көп. Солардың біразын біздің арна көтеріп, көрсетті де. Бірақ әзірге баяғы жартас, сол жартас, мәселе әлі шешілмей келеді.
Ламбриан Топузидис