Ақмола облысында жол апатынан қаза тапқан полицейдің жақындары әділдік іздеп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында жол апатынан қаза тапқан полицейдің жақындары әділдік іздеп жүр

16.07.2021

Жол апатынан қаза тапқан полицейдің жақындары әділдік іздеп жүр. Осыдан 8 ай бұрын Ақмола облысында учаскелік полиция инспекторы жүк көлігіне соқтығысып, қайтыс болған. Ал, марқұмның артында қалған жары тергеу дұрыс жүрмей жатыр деп шағымданды. Мәселенің мән-жайын тілшіміз тарқатады.

Меруерт Қадырова сегіз айдан бері сергелдеңде жүр. Өйткені, полицияда қызмет еткен жолдасы Мади Қадыров былтыр қарашада жол апатынан көз жұмған. Ол Ақмола облысындағы Бастау ауылына қызмет бабымен бара жатқан. Бірақ, ауылға 300 метрдей қалғанда инспекторды жүк көлігі соғып кеткен.

Меруерт Қадырова, марқұмның әйелі:
Сол уақытта өз көлігімен шыққан шақыртуға. Өйткені, сол уақытта қызметтік көлігінің қысқы дөңгелегі болған жоқ. Түнгі уақыт болды. 1:40-та маған звондап айтты. Мен шақыртуға бара жатырмын деді. Детализацияны сұрасақ, оны да көрсетпейді.

Меруерт жергілікті органдағылар тергеуді дұрыс жүргізбей отыр деп есептейді. Тіпті, жүк көлігінің жүргізушісі куәгер ретінде көрсетіліпті. Қазір бостандықта жүр. Осыған ашынған келіншек, тергеуде түсініксіз жайттар көп дейді.

Меруерт Қадырова, марқұмның әйелі:
Көкшетауда Генерал-майор Баймурзин деген кісіге бардық. Ол кісінің айтқан сөзі маған сенің жолдасың мас болды деді. Маған ақша ұсынды. етті. Осы істі жылы жауып қояйық, осы ақша ал, жүк көлігінде болған 8 тонна тауарды мойныңа салып қоймағанына, осылай істі жабылғанына қуан деп айтты.

Бірақ көз жұмған полицейдің әкесі баласының ішімдік ішкеніне сенбейді. Сондай-ақ, ол апат орнында түсірілген суреттер мен тергеушінің сызбасы бір-біріне сәйкес келмейтінін айтты.

Қайрош Қадыров, марқұмның әкесі:
КамАЗ былай келе жатады да, біздің ұл мына оң жағымен келе жатады. Мынау сол жағымен келе жатады. Ал, Өткелбаев алып келгенде шопырдың оңға бұрылған рөлін солға бұрып, міне көрдіңіздер ақ полосадан өтіп кеткен. Мен оны Хасеновке көрсеттім, мына сіздің сызба мен фото сәйкес келмейді деп, ол ештеңе айта алмады.

Бұл оқиғаға қатысты Ақмола облыстық полиция департаментіне хабарластық. Олардың жауабы басқаша:

Асқар Адамов, Ақмола облыстық Полиция департаментінің тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
Оқиға болған жерде жазылған хаттамада көрсетілген фотолар мен сызба бір-біріне қайшы келмейді. Ал, қызметтік тергеу нәтижесінде Қадыровтың өлімі қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, қызметтен тыс уақытта болғаны анықталды. Қандай да бір шақыру туралы мәліметтер жоқ. Ал, сот-медициналық сараптама нәтижелеріне сәйкес оның қанынан алкоголь табылған жоқ.

Жауаптылар іс бойынша сотқа дейінгі тергеу әлі жүріп жатқанын хабарлады. Ал, Мәди Қадыров полиция сапында 10 жылдан астам қызмет еткен. Марқұмның артында қалған үш баласы мен әйелі және ата-анасы іс әділ тергеліп, кінәлілер жазасын алса дейді.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу