Таразда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Биыл жетінші рет өткізілген байқау жалпы халықтық сипат алып келеді. Әрі шараға қатысуға ниет білдірушілер қатары да арта түскен. Мәселен, осы жылы Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 201 отбасы қатысып, екінші кезеңге 22 отбасы жолдама алған. Бүгін солардың ішінен 6 отбасы үздік деп танылып, жүлдегер атанды. 200-ден астам отбасының ішінен ең үлгілісі мен өнегелісін таңдау оңайға соқпады. Дегенмен, конкурстық комиссияның шешімімен жеңімпаз отбасылар анықталып, жүлделі орындар белгілі болды. Бастысы - ел ішінде жарасымды жұптар мен береке-бірлігі артқан отбасының көптігі көңілге медет сыйлайды.
Байқау шарты бойынша Мұратаевтар әулеті – «Өнерлі», Саламатовтар әулеті – «Өнегелі» отбасы номинацияларын иеленді. Жұматаевтар отбасы – 3-ші, Тазабековтар отбасы – 2-ші орындарды бөлісті. Бірінші орын Тұрар Рысқұлов ауданынан қатысқан көпбалалы, патронат отбасы Исаевтар әулетіне бұйырды. Шаңырақ көтергендеріне 13 жыл болған отбасы патронаттық тәрбиеге алған 6 баладан бөлек тағы 2 баланы асырап алуға құжаттар жинақтауда.
Дина Елубаева, Исаевтар әулетінен:
Біз Исаевтар отбасы өте үлкен отбасымыз. Мына қараусыз қалған балалармен одан ары үлкейіп жатырмыз. Бір кішкене болса да, қоғамға пайда келтіргіміз келеді. Осыларды дұрыстап тәрбиелоесек, деп ата апасы болып бәріміз әйтеуір жан жақтан тәрбиелеп жатырмыз. Біздің ойымызша бір сондай жақсы Қазақстанның азаматы болып өседі деген ниеттеміз.
Сәбит Әлдебай