Риддерде өрттен зардап шеккен тұрғындар жаңа баспанаға кірді. Көктемде шағын шаһардың қасындағы орман өртеніп 300 гектар аумақ пен 30- дан астам отбасының үйі жанып кеткен еді. Көп ұзамай баспанасынан айрылған тұрғындар үшін жаңа үйлердің құрылысы басталды. Біраз үйді мердігер компаниялар белгіленген мерзімнен бұрын тапсырды.
Жаңа үйлер Риддердегі «Ботаника» жаңа шағын ауданында салынған. Құрылыс компаниялары үйлерді бастан аяқ дайын күйінде тапсырды. Бірінші кезеңде, 11 отбасы баспаналы болды.
Марина Кузнецова, Риддер қаласының тұрғыны:
Мен өте қуаныштымын. Үйіміз өртеніп кеткенде осылай жаңасын береді деп ойлаған жоқпын. Жаңа баспананың кілтін беретінін кеше естідім. Алғысым шексіз.
Құрылыс компаниялары сыйлық ретінде ас үй жиһазын да орнатып берді. Әр үйдің суы ішінде, электр қуаты қосылған. Қиын жағдайға тап болған Риддер тұрғындарына көмектесу үшін арнайы қор ашылып, бүкіл халық жәрдемдесті.
Алина Гильдерман, қоғамдық қор төрағасы:
Өрттен зардап шеккендерге өте көп адам көмектесті. Халқымыз бірлігін паш етіп, қиын жағдайға түскен жерлестерімізге қол үшін созды. Үй-күйсіз қалған адамдарға сол сәтте өте ауыр болып еді.
Сондай-ақ, өрттен келген залалды есептеу жөніндегі комиссия жұмысын аяқтап, адамдарға өтемақы төлене бастаған. Қазір қалған 20 үйдің құрылысы қызу жүріп жатыр.
Азамат Мұхамедчинов, облыс әкімінің орынбасары:
Күнделікті осы сұрақты облыс әкімі бақылауда ұстап отырады. Қалған үйлерді тамыздың 15-не дейін бітіріп, Риддерде жаңа шағын аудан ашылады деп үміттенеміз.
Осы жерде «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасыларға да жаңа тұрғын үйлер салынады. Шағын ауданды абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Көшеге жарық түгел тартылған. Балалар үшін ойын алаңдары да салынбақ.
Берік Көшербай