Үкімет қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға көмек береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға көмек береді

21.07.2021

Үкімет басшысы Маңғыстау облысындағы құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға көмек беруді тапсырды. Қазір мұнда көрші өңірлерден шөп жеткізіліп, 1200 тоннадай арпа әкелінген. Олар фермерлерге төмен бағамен сатылды. Сондай-ақ, мал азығына кеткен шығынды өтеуге 2 млрдқа жуық теңге бөлінді. Облысқа барған Асқар Мамин өңірдің туристік, көліктік-инфрақұрылымдық даму жоспарымен танысты.

Ақтауға арнайы келген Үкімет басшысы, алдымен, өңірдегі бекіре тұқымдас балық өсіру зауытының жобасын көрді. Каспий теңізінде су жәндіктерін аулауды ұйымдастыру жайын талқылады. Сондай-ақ, жылына 30 мың тонна балық өсіруге арналған «Інжу Маржан» шығанағында салынатын кешеннің жоспарымен танысты.

Серік Бүркітбаев, серіктестіктің ғылыми жетекшісі:
Маңғыстау облысына 5 жылда 100 мың тонна балық өндіру тапсырмасы жүктеліп отыр. Сондықтан, Иран, Түркия және Скандинавия елдерінің технологиясын қолданып, жүйелі өндіріс кешенін құруды жоспарлап жатырмыз.

Премьер-министр Ақтау әуежайында салынып жатқан бірінші санаттағы автомобиль жолының сапасын тексерді. Жұмысты қыркүйекте аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, «Құрық» паром кешені мен «Ақтау» теңіз портын аралап, елдің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту тетіктерін қарады.

Бекбол Орынбасаров, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
Қазір 40-қа жуық қатысушы бар. Кірген инвестицияның көлемі 360 млрд. Енді осы жылы 40 қатысушының 19-ы өздерінің жұмысын іске асырып жатыр.

Асқар Мамин сондай-ақ Ақтау қаласының туристік аймағын дамыту жобаларын да тексерді. Қазақстандағы алғашқы TETYSBLU тақырыптық паркінің ашылуына қатысты. Онда Орталық Азияда теңдесі жоқ 30-дан астам аттракцион бар.

Гүлнұр Қыдырбаева, қала қонағы:
Бірінші келгенде тура бір шет елге келгендей болдық. Мына теңіздің суы бірінші ұнағаны салқындау ауа райы, сонысы ұнады.

Ырымхан Өтегенова, қала қонағы:
Балаларға ұнап жатыр бәрі. Мен өзім қуаныштымын, біздің Қазақстанда осындай отельдер, парктер бар. Енді осыны бәріміз қолдап дамытуымыз керек деп ойлаймын.

Үкімет басшысына жұмсақ қаптама ыдыс, полимерлік қаптама, каустикалық сода және құрамында хлоры бар өнімдер өндіру жөніндегі инвестициялық жобалар да таныстырылды.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу