Індет өршіген кезде дәрігерлерге қол ұшын созған көкшетаулық кәсіпкер бірнеше айдан бері қызмет ақысын даулап жүр. Қалалық жұқпалы аурулармен күрес орталығының мамандары 3 ай бойы оқшауланып, «Елікті» демалыс орнында тұрған. Бастапқыда денсаулық сақтау басқармасымен келісім болғанымен, кейін жауапты мекеме кәсіпкер сұраған 182 млн теңгені төлеуден бас тартқан.
Пандемия тұсында дәрігерлерге қызмет көрсеткен демалыс кешенінің иесі бірнеше айдан бері еңбекақысын даулап табалдырық тоздырып жүр. Былтыр желтоқсан айында жергілікті билік өкілдері одан қонақүйге медицина мамандарын ақылы түрде орналастыруды өтінген. Қиын қыстау кезде қол ұшын берген кәсіпкер 40 шақты жұмысшысымен күн түні қызмет көрсеткен.
Лариса Ким, аспаз:
Медицина қызметкерлері науқастардың жағдайына жауапты болса, біз оларды тамақпен қамтамасыз еттік. Олар 3 ауысымда жұмыс істеді. Барлығын тамақтандыру үшін 16-17 сағат ас дайындаумен болдық. Біздің де отбасымыз, балаларымыз бар. Ал жалақы төленбеді.
Жұмысшылар үш ай бойы тегін жұмыс істеген. Азық-түлік те кәсіпкердің өз қаржысына алынған. Электр энергиясы, жылу шығындары мен жолды қардан тазалау секілді жұмыстарға да кәсіпкер ақшаны өз қалтасынан шығарған.
Тимур Аманғалиев, демалыс орнының атқарушы директоры:
Біздің кешен - шаңғы базасы. Қыс - нағыз табыс табатын кез ғой соған қарамастан біз медицина қызметкерлерін қабылдадық. Бір адамға тәулігіне тамағын қосқанда 9 жарым мың теңге ғана алатын болып келістік. Ал демалушылардан тек қонақүй үшін кем дегенде 25 мың теңге пайда түсер еді.
Демалыс орнында бір тәулікте 230 адам тұрған. Індеттің нағыз ушығып тұрған кезінде тынымсыз қызмет еткендер әкімдік уәде еткен ақшаны бермей алдап соқты дейді.
Сәкен Айтқали, демалыс орнының иесі:
Бастапқыда ауызша келісім болды, кейін оны құжат ретінде бекіттік. Қазіргі уақытта басқарма бізге 182 миллион теңге қарыз. Әне-міне, ертең деп созып жүргендеріне бірнеше ай болды.
Кәсіпкер атқарылған жұмыстар актісін қайта-қайта тапсырғанымен, денсаулық сақтау басқармасы қабылдамай отыр. Жауапты мекеме қарыз соммасымен де келіспейді. Мемлекеттік сатып алу бойынша 182 емес, 137 миллион теңге ғана берешек көрінеді.
Нариман Сыздықов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Біз келісімшартта көрсетілген қаржыны төлеуге дайынбыз. Ақша бар. Тек заң бойынша мүмкіндік болмай тұр. Себебі қызмет қаңтар, ақпан, наурыз айларында көрсетілген. Ал келісімшартқа тек маусым айында қол қойылды. Бұл заңға қайшы. Бірақ біз Жауапкершіліктен қашпаймыз.
Осылайша, басқарма басшылығы кеткен олқылықты мойындағанымен, кәсіпкердің сотқа арыздануын сұрап отыр. Ал, кешен иесі сотқа жүгінгеннің өзінде кеткен шығынды толық өндіріп алатынына сенбейді.
Ермек Елберген