Екпе алмағандар КВИ-дің ауыр түріне шалдығып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екпе алмағандар КВИ-дің ауыр түріне шалдығып жатыр

23.07.2021

Солтүстік Қазақстанда алдағы дүйсенбіден бастап шектеу шаралары күшейтіледі. Өйткені өңірде коронавирусқа шалдыққандар саны екі есе артты. Мамандар мұны халықтың санитарлық талаптарды сақтамауымен әрі тез таралатын «дельта» штамымен байланыстырып отыр. Сонымен қатар, науқастардың көбі жастар екені аңғарылады. Ауырып жатқандардың 60 пайызы - 40-жасқа дейінгі азаматтар.

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустың ауыр түріне шалдыққандар көп. Дәрігерлердің айтуынша, олардың барлығы - вакцина салдырмағандар. Инфекциялық стационарлар тәулігіне аппаратпен демалатын 50-ден астам науқасты қабылдайды.

Әлия Тәшетова, №3 қалалық емхананың бас дәрігері:
Бұл індет қарамайды, кімнің қандай екенін, кімнің қандай дәрежеде, қандай ауруы бар екенін. Бұл – ауа арқылы тарайтын індет. Сондай ауыр жағдайларға әкеліп соғады, вакцинация алмайтын болса. Жұқпалы ауруларды жеңіп, қалыпты өмірге келудің ең алғашқы жолы-вакцинация. Ол инфекциялық аурулардың алдын-алу деген сөз.

Елімізде күніне 80 мың жуық адам коронавирусқа қарсы екпе салдырып жатыр. Инфекциялық ауруханалардың ғана емес, екпе егу пункттерінің жұмысы да қарқынды. Дәрігерлер демалыссыз тұрғындарды қабылдауда. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегендердің бірі 80 жастағы қызылжарлық Наталья Копотилова.

Наталья Копотилова, зейнеткер:
Денім сау болғанын қалаймын. Әрі біреудің ауруына себепкер болғым келмейді. Суда жүзумен шұғылданамын. Екпе паспорты болмаса, бессейнге кіруге мүмкіндік жоқ. Сондықтан вакцина алуға бел будым.

Шығыс Қазақстанда да екпе егу науқаны қыза түскен. Тарбағатай ауданында ғана күніне орта есеппен 100 адам кезекке тұрып вакцина салдыруда. Әсіресе ұстаздар қауымы белсенді. Кәрім Нұрбаев атындағы білім ордасында мұғалімдердің басым бөлігі екпе алып үлгерген.

Юля Тұрғанбаева, мұғалім:
Вакцинаны ең бірінші болып алғандардың қатарындамын. Вакцинаның екі компоннетін де алдым. Себебі еліміздегі індетке байланысты өз отбасымды, достарым мен туыстарымды қорғау мақсатында және білім беріп отырғаннан кейні әрі балалардың алдындағы жауапкершілік болғандықтан вакцина алдым

Атырауға «Спутник V» вакцинасының 10 мың дозасы жеткізілді. Ақтөбеден әкелінген препарат өңірдегі екпе бекеттеріне жөнелтілуде. Жалпы облыста эпидахуал нашар.Өткен тәулікте 500-ге жуық адамнан індет анықталды. 67 науқастың жағдайы - ауыр.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу