Қосшыға қала мәртебесі берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қосшыға қала мәртебесі берілді

27.07.2021

Елорда іргесіндегі ауылға қала мәртебесі берілді. Енді Қосшы жаңа бағытта дамиды. Бұл Ақмола аймағындағы Степногорсктен кейінгі екінші облыстық маңыздағы қала болып отыр. Яғни, Целиногрда ауданынан бөлініп, өз алдына дербес шаһарға айналады.

Нысаналы Ығыл, тілші:
Қазір Қосшы ауылдық округінің жағдайы мүшкіл. Жолының тоз-тозы шыққан. Суы сапасыз, жарық жиі сөніп қалады. Бұл осындағы өзекті мәселелердің бір парасы ғана. Бірақ, ауыл тұрғындарының тіршіліктің түзелеріне үміті қайта оянды. Өйткені, Қосшыға қала мәртебесі берілді. Енді атына заты сай үлкен өзгеріс күтіліп отыр.

Тіпті, әкімдіктің өзі үлгі бола алмай тұр. Ғимараттың қабырғасы қақырап, ауыл тұрмақ, ауласын жаңартуға жағдайсыз. Атқамінер бар гәпті бюджетке тіреді.

Парасат Досмағамбетов, Қосшы ауылдық округі әкімінің орынбасары:
Барлығы келіп тірелетіні сол ақша ғой. Бюджет өз ойымызша 10 есе өсетін шығар. Қазір біздікі 70 млн болса жылдық бюджет. 500-600 млнға дейін жетіп қалар деген сенімдеміз.

Қосшының қалаға айналып, қазынаның ұлғаюын тұрғындар көптен күтіп жүр. Себебі, мұнда инфрақұрылымдық және әлеуметтік проблемалалар шаш етектен.

Бақытгүл Баекеева Қосшыдағы жекеменшік емхананы басқарады. Онда 27 мың тұрғын тіркелсе, соның 13 мыңы кәмелет жасына толмағандар. Ұжым жаңалықты жақсы қабылдап отыр. Ай сайынғы табысынан ауыл қызметкерлеріне берілетін 25 пайыз үстемақыдан қағылғанмен өмір сүру сапасы артарына сенімді.

Бақытгүл Баекеева, емхана басшысы:
25 пайыз квота аламыз дегеннен гөрі, инфрақұрылымның жақсарғаны жақсы шығар. Мәдениет үйі салынса.

Қайдар ес білгелі нәпақасын төрт түліктен айырып отыр. 50 шақты ірі қарасы мен 10 жылқысы бар. Ол тұрғылықты жердің дамығанына қарсы емес, тек ертеңгі күні ата кәсіптен қол үзіп қалам ба деп алаңдайды

Қайдар Ахмедиянов, Қосшы ауылының тұрғыны:
Алаңдаушылық бар. Мал ұстауға болмайды немесе шектеу жасалама деген. Өйткені, біз көше ішімен малды өріске шығарамыз. Сол кезде айыппұл салуы мүмкін.

Қала санатына өту үшін халық саны 50 мыңнан асу тиіс. Бүгінде Қосшылықтар 51 мыңнан асты. Енді жылжымайтын мүліктің өтімділігі күшейіп, кәсіпкерлер мен халықтың несие алу, бизнес ашу мүмкіндігі артады. Қазір онда 3 мектеп пен 22 балабақша бар. Сондай-ақ өз алдына құқық қорғау және қадағалаушы органдар ашылады.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу