«Сары» аймақтағы Түркістан облысында пневмонияға шалдыққан науқастар саны екі аптада 33% өскен. Дәрігерлер жағдай осылай нашарлай берсе, оттегі баллондарының тапшылығы туындауы мүмкін деп дабыл қағуда. Бүгін қызыл аймақтағы Шымкент қаласымен шектесетін Төлеби мен Сайрам аудандарында карантин талаптарын қатаңдату туралы қаулы шықты. Әріптесім Айнұр Ақбаева тарқатсын.
Бұл - Түркістан қаласындағы орталық аурухананың инфекциялық бөлімшесі. Дәрігерлер жағдай былтырғыдай нашарлап бара жатқанын айтады. Науқастардың саны күннен-күнге көбейіп жатыр. Кейбірі тіпті тыныс алу аппараты арқылы демалуда.
Науқас:
Өз көзіңмен көрмегеннен кейін сенбейді екенсің. Кеше осы жатқалы бері көзіммен көріп, бұдан кейін барып, сеніп жатырмын мен. Мен де вакцинаға сенбеген едім. Енді ауырғалы бері вакцина салдыруға әрекет қыламын.
Науқас:
Біз күйеуіміз екеуміз вакцина салдырайық па, жоқ па деп көп ойланып жүргенде осылай ауырып қалдық. Мен үш күн бұрын пневмониямен инфекциялық ауруханаға түстім. Қазір жағдайым түзеліп келеді. Енді екеуміз жазылып алсақ, ресейлік Спутник В екпесін салдырамыз ба деп ойланып отырмыз.
Дәрігерлердің айтуынша, қазір ауыл халде жатқандардың барлығы дерлік екпе алмаған.
Жанболат Ділдәбеков, түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері:
Біздің инфекционды госпитальға күніне он шақты науқас түсіп жатады, оның ішінде 3-4 науқасы ауыр халде түсіп жатады. Жансақтау бөлімі 21 төсек орынға арналған. Сол 21 төсек орынның елу пайызында науқас жатыр. Қазір бізге түскен ауыр науқастардың 99 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған.
Жағдай ушығып кеткен соң, бөлімшеден тіпті коронавирус жұқтырған науқастарға ота жасау және босану бөлмелері ашылған.Күні кеше мұнда індетке шалдыққан төрт ана босаныпты. Дәл осындай жағдай Кентау қаласындағы инфекциялық госпитальда да қалыптасып отыр. Қазір мұнда 82 науқас ем қабылдап жатса, оның 16-сы жансақтау бөлімінде. Мамандар оларға оттегі қажет болып жатқанын айтады.Қазір өңірдегі инфекциялық ауруханаларда төсек орындар 70 пайызға толған.
Айнұр Ақбаева