Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, өткен аптада әлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны 21 пайыз өскен. Өлім-жітім, әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Солтүстік және Оңтүстік Америкада көп тіркеліп отыр. Ұйымның өзге бір мәліметінше, коронавирустың дельта-штамы жер шарының 132 еліне тарап үлгерген. Осыған орай Google, Facebook, Netflix, Microsoft тәрізді технологиялық компаниялар өз қызметкерлерін вакциналауды міндеттей бастады. Ал, Израильде балаларды вакциналау науқаны жалғасып жатыр. Еуропа елдерінде де жасөспірімдерді коронавирусқа қарсы иммундау жоспарланып отыр.
Израильдің денсаулық сақтау министрлігі 5-11 жас аралығындағы балаларға ковидке қарсы вакцина салуға рұқсат берді. Ол тек вирустан өміріне қауіп төніп тұрған бүлдіршіндерге егіледі. Бұған қоса, елде 12-ден асқандарды вакциналау науқаны маусымнан бері жалғасып жатыр. 12-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 40 пайызы Файзер препаратының бірінші дозасын, 27 пайызы екі компонентін де алған.
Франция болса, жаңа оқу жылы басталғанда оқушыларды вакциналау жұмыстарына кірісуді жоспарлап отыр. Бұл елде балаларға коронавирусқа қарсы екпе салуға ресми түрде маусымның 15-нен бастап рұқсат берілді.
Ал, Германияда 12 мен 17 жас аралығындағылардың 2 пайызы Файзердің толық дозасын алған. Италия мен Испания да жасөспірімдерді иммундау мәселесін талқылап жатыр.
Америкалық Moderna және Pfizer/BionTech компаниялары 6 айлық сәбиден бастап 11 жасқа дейінгі балаларға арналған препараттарды сынақтан өткізіп жатыр. Кейбір мәліметтерге сай, бұл вакциналар шамамен қыстың ортасында қолданысқа берілуі мүмкін.
АҚШ-тың технологиялық алыптары болса, енді жұмыс орнына тек вакцина алған қызметкерлерін ғана кіргізбек. Google, Facebook персоналы осындай ескерту алды. Netflix компаниясы да актерлер мен түсірілім тобын екпе алуға міндеттей бастады. Ал, Apple-дің бөлшек сауда дүкендеріне сатушылар мен клиенттер маска тағып жүруге тиіс. «Гугл» компаниясы қашықтан жұмыс істеу саясатын қазанның 18-не дейін ұзартуға мәжбүр. Твиттер корпорациясы болса, АҚШ-та пандемиядан кейін қайта ашқан кеңселерін тағы жабатынын мәлімдеді.
«Дельта» штамының тарауын тоқтату үшін, Камбоджаның Таиландпен шекаралас 8 провинциясында бүгіннен бастап локдаун жарияланды. Шектеуге сай, тұрғындарға көшеге шығуға, топ болып жиналуға тыйым салынды.
Ал, Мьянманың халықаралық санкцияға ұшыраған әскери хунтасы коронавирустың тарауын тоқтату үшін әлемдік қауымдастықтан көмек сұрап отыр. Елде болып жатқан саяси және экономикалық дағдарыстың салдарынан коронавирус өршіп, вакциналау бағдарламасы тоқтап, ауруханалар жабылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жағдай осылай жалғаса берсе, коронавирус Мьянмадан Оңтүстік-Шығыс Азияға жылдам тарап кетеді деп дабыл қағып отыр.
Арай Төлегенқызы