Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау 1 қарашадан енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау 1 қарашадан енгізіледі

02.08.2021

Елімізде аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау осы жылдың 1 қарашасынан енгізіледі. Кәсіпкерлерге жаңа талапқа сай болуға 5 ай уақыт беріліп отыр. Таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сатып бітіруге қосымша 1 жылдан астам уақыт қаралған. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сәйкес, қазір елдегі аяқ киім сауда сатығының 50 пайызы заңмен рәсімделмейді. Ал цифрлық таңбалау осы кемшілікті жоймақ. Тұтынушыларға да қолайлы. Олар цифрлы таңбалар арқылы өнімнің сапасын анықтай алады. Бұл өзгерістер аяқ киім бағасының қымбаттауына айтарлықтай әсер етпейді дейді мамандар .

Мұхаммедхайдар Сеит, Цифрлық экономиканы дамыту орталығының жоба жетекшісі:
Аяқ киім таңбалау цифрлық таңбалау кодының бағасы 2 теңге 68 тиын көлемінде болады. Бұл баға сәйкесінше үкімет шешімімен бекітіледі. Және де осы қымбаттау, цифрлық таңбалауға қатысты шығындар, жалпы алғанда аяқ киім тауарлары бағасын 0,5 есеге ғана көтеруі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, жоба Еуразиялық экономикалық одақ аясында жүзеге асады. Мысалы, Қазақстанда темекі өнімдерін міндетті таңбалау былтыр күзде енгізілген. Қазір, дәрі-дәрмек, алкоголь, сүт өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп тауарларын, қапталған су мен сусындарды цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске асуда.

Бауыржан Бөгенбай

Хабарламаларға жазылу