Жетісай ауданында 15 жылжымалы бригада қызмет көрсетуіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісай ауданында 15 жылжымалы бригада қызмет көрсетуіп жатыр

02.08.2021

Түстіктегі Сарыағаш,Жетісай аудандары мен Түркістан қаласында, әсіресе, соңғы аптада індетке шалдыққандар қатары көбейіп кетті. Сондықтан аймақта кеселге қарсы екпе егу шаралары қатаң қолға алынды. Біздің түсіру тобымыз облыс орталығынан шалғай орналасқан Жетісай ауданындағы вакциналау жұмыстарының жүргізілу барысымен танысып қайтты.

Жетісай қаласының тұрғындары Алмас Тоқтыбаев пен оның зайыбы Райхан Елубаева бүгін аудандық емханаға келіп, екпе қабылдады. Жастары алпысқа жуықтаған ерлі зайыптылар айналадағылар жаппай ауырып жатқанда сақтанған жөн деп санайды.

Райхан Елубаева, Жетісай қаласының тұрғыны:
Туған-туысқандарымыз ауырып жатыр, жан жақтағы адамдардан да естіп жатырмыз әйтеуір. Індет көбейіп жатыр. Больницада адамдар көбейіп жатыр. Қайтыс болғандар да көбейіп жатыр. Өзіміздің денсаулығымызға да алаңдағаннан келіп, вакцина салдырып жатырмын.

87 мың халқы бар ауданда 40 мыңнан астам адам екпе алады деп күтілуде. Осы күнге дейін вакцинаның алғашқы компонентін 29 мыңға жуық адам салдырған. Бұл - екпе алушылардың 71 пайызы. Ал, 2-ші компонентін 20мың адам қабылдап үлгерген. Ауданда 6 екпе егу пункті ашылып, 15 жылжымалы бригада қызмет көрсетуде.

Ләйлә Мамырайымова, Жетісай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Бірінші кездерде қиындау болған, адамдар сенімсіздік танытып жүрген. Кейінгі кезде, мынау науқастардың саны көбейгеннен кейін белсенділік байқауға болады. Мына адамдарымыз өздері келіп, салдырып жатыр. Қазір вакцинация қарқыны жаман емес.

Белсенділік тек аудан орталығында емес, шағын ауылдардың тұрғындары арасында да байқалады, дейді дәрігерлер. Мәселен Қазыбек би ауылдық округінде халықтың көпшілігі вакцина алып үлгерген. Қазір тіпті зейнет жасындағы немесе түрлі аурулары бар тұрғындар да екпе салдыруға келіп жатыр екен.

Бибіқадиша Аймаханова, Қазыбек би ауылының тұрғыны:
Жасым жетпісте, өзім үшін қабылдадым жақсы болсын деп. Хронически ауруым көп менің, хронически гастритім де бар, панкреотитім де бар. Соған қарамадым, салдырдым. Жаңағы немен ауырмайын деп. Үйде үшеуміз ғой үлкендер, қалғандары майда. Сол үшеуміз де салдырды.

Ауыл тұрғындары күндіз негізінен егістік басында жүргендіктен екпе егу шаралары таңертеңнен түнгі 12-ге дейін жүргізіледі. Осылайша күніне жүзге тарта адам вакцина қабылдап жатыр. Елдімекендегі вакцина салдыруға қабілетті бес мыңға тарта тұрғынның 4 мыңға жуығы екпе салдырып үлгерген. Бүгінде өңірге вакцинаның 610 мыңға жуық дозасы жеткізіліп, 583 мың адам алғашқы компонентін алған.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу