Түркияның Ыстанбұл қаласындағы кейбір аудандарда вакцина алмағандарға нан сатылмайды. Ал, Қытайдың 10 провинциясында «Дельта» штамымен күрес жүріп жатыр. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Ыстанбұл қаласының 6 ауданында вакцина алмағандарға нан сатылмайды. Мұндай шешімді жергілікті наубайхана палатасының өкілдері қабылдаған. Олар шектеу шарасы коронавирустың өршуіне төтеп беру үшін маңызды деп есептейді. Жалпы, Түркияда күн сайын инфекция 20 мыңнан астам адамнан анықталып отыр. Ел билігі тұрғындарды вирусқа қарсы вакцина алуға үндейді. Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қоджа Твиттердегі парақшасында ауруханада екпе алмаған тұрғынның өкінгені туралы бейнероликті жариялады:
Нуреддин Қарабүк, науқас:Вирусқа қарсы екпе алмап едім. Алғанымда ғой, қазір ауруханада жатпас едім! Балаларым да, әйелім де ауырып жатыр. Отандастарыма вакцина алудың маңызды екенін айтқым келеді.
Қытайда коронавирустың «дельта» штамы 10 провинцияға тарады. Осыған орай бұл аймақтарда шектеу шаралары барынша күшейтілді. Цзянсу провинциясындағы Янжоу қаласында тұрғын үй кешендері бақылауға алынып, адамдарға үйден шығуға тыйым салынды. Бұған қоса, жолдарға инспекция станциялары қойылып, ПТР-тесті теріс нәтижесі бар адамдардың ғана қалаға кіріп-шығуына рұқсат беріліп жатыр. Қаладағы қоғамдық көлік қызметі мүлдем тоқтатылды.
Панг Синхуо, Бейжің қаласының ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы директорының орынбасары:Елдің вирус анықталған аймақтары жабылып жатыр. Қажетті эпидемиологиялық тексерулер, бақылау жұмыстары ретімен өткізілуде. Ал, вирус табылғандар карантинге алынып, олармен қарым-қатынаста болған адамдар да іздестірілп жатыр.
Австралияда екі-айлық локдаун мерзімі ұзартылды. Бұған елде Дельта вирусының өршуі себепші. Осыған орай, Сиднейде қатаң шектеу шаралары тамыздың соңына дейін жалғаспақ. Ал, тұрғындардың 50 пайызы екпе алмаса, жергілікті билік карантин уақытын әлі де созуы мүмкін.
Арай Төлегенқызы