Шымкентте кәсіпкерді асқан қатыгездікпен өлтірген айыпталушы 20 жылға сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте кәсіпкерді асқан қатыгездікпен өлтірген айыпталушы 20 жылға сотталды

03.08.2021

Шымкентте кәсіпкердің басын балтамен шауып өлтірген тұрғын сотталды. Жәбірленушіні тірідей өртеп жіберген жігіт 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мерзімінің көп бөлігін төтенше қауіпсіз түзеу мекемесінде өтейтін болады. Сот үкімі оқылған кезде айыпталушы көз жасына ерік берді. Тіпті сот үкімімен келіспейтінін жеткізді. Айта кетейік, жантүршігерлік қылмыстық оқиға ағымдағы жылдың наурыз айында болды. 30 жастағы сотталушы кәсіпкерге бизнес үшін жалған құжаттар жасап, жер сатпақ болған. Алайда былықтың беті ашылған кезде екеуінің арасында жанжал туындайды. Сол кезде ол үйіне келген бизнесменді балтамен шауып, бірнеше рет соққы жасаған. Кейін жәбірленушінің көлігін алып, қанға малынған денені өртеп жіберген. Көліктегі 500 мың теңгесін де қолды еткен. Тергеу барысында қылмысы толығымен дәлелденді.

Самиддин Темірәлиев, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
Оны қалай өлтіргенін, іс әрекетін қалай жасағанын бәрін көрсетіп, жәбірленушінің ол кезде тірі болғанын, машинада отырған кезде қырдың басына апарып қойып, кейін барып жағып жібергенін бәрін өзі айтып отыр. Сондықтан оны аса қатыгездікпен әрекет жасады деп, сот оны 99 баптың 5-ші бөлігі 1-ші тармағымен кінәлі деп тапты.

Айнұр Ақбаева 

Хабарламаларға жазылу