Семейде алаяқтарға алданғандар көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде алаяқтарға алданғандар көбейді

03.08.2021

Семейде құрылыс материалдарын арзанға сатамын деп, оннан астам адамды алдап соққан алаяқ іздестіріліп жатыр. Ол ғаламтор арқылы жарнама беріп, тауар бағасын басқалардан төмен етіп көрсеткен. Үнемдейміз деп ойлаған талай адам, керісінше, қалтасы қағылып сан соғып қалды. Ержан Жақып тарқатсын.

«Арзан құрылыс материалына қарық қыламын» деген алаяққа алданғандар енді айлап заң органдарының табалдырығын тоздырумен жүр. Қазір анығы- Литвин деген азамат ақшаны алып, жоқ болған. Әрқайсымен келісім-шарт жасап, жеке кәсіпкердің мөрі басылған бір жапырақ қағаздан ұстатқан. Тапсырыс берген тауарларының 70 пайыз ақшасын алдын-ала алып алған.

Серікхан Аяжанов, Өскемен қаласының тұрғыны: 
Мен сол жерде мың жарым кірпішке сұраныс бердім. Сосын 500 мың тастадым. Тағы біреулер 800 мың беріпті. Біз өзі 2 миллион шығып тұр, осы 13 адам. Енді білмеймін қайда барамыз. Біздің ақшамызды кім қайтарып береді.

Алданғандар Астана, Семей, Өскемен қаласы мен ауыл тұрғындары. Қаланың орталығынан кеңсе жалдаған пысықайлар «арзан кірпіш сатамыз»-деп жарнама берген. Қомақты қаржыны жинаған соң таптырмай кеткен.

Зардап шеккендер құзырлы органға арызданғанымен, мардымды жауап жоқ-деп отыр. Ал полиция басқармасындағылар қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқандығын жеткізді.

Елубек Оспанов, қалалық ІІБ баспасөз хатшысы: 
ҚР ҚК 190 бабының 1-ші тармағы бойынша тіркелген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Істің ақ-қарасы, мән-жайы анықталғаннан кейін түбегейлі процессуалдық шешім қабылдатын болады.

Әзірге 13 адамнан арыз түскен. Опық жеп қалғандардың саны одан да көп болуы мүмкін. Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 1300-ден астам алаяқтық дерегі тіркелген. Оның тең жартысы ғаламтор арқылы жасалған. 

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу