Павлодардың іргесіндегі Жолқұдық ауылында бір айдан бері ауыз су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардың іргесіндегі Жолқұдық ауылында бір айдан бері ауыз су жоқ

03.08.2021

Павлодардың іргесіндегі Жолқұдық ауылында бір айдан бері ауыз су жоқ. Елдімекенге орталық су құбыры 6 жыл бұрын тартылған, бірақ кенезесі кепкен жұрт тіршілік нәрінен тарығып- ақ келеді. Жылдар бойы ауыз суды тасымалдап ішіп отырған ауыл тұрғындарына бір айдан бері су жеткізу мүлде доғарылған.

Жолқұдық ауылы тұрғындарының 92 пайызы су құбырын үйлеріне кіргізіп алған. Бірақ жаз шыға қайран жоқ. Бір тамшы ақпайды.

Бәкібай Мақашев, Жолқұдық ауылының тұрғыны:
Бір жылдай ғана су жақсы болды. 2-ші жылы су қата бастады. 3-ші жылы су болмауы басталды. Қыс болса су аз болады. Жаз болса су жоқ. Ешқандай су жоқ бізде. Шай ішетін су жоқ.

Жылда жергілікті әкімшілік су тасымалы үшін көлік жалдайды екен. Биыл қаладан өзіміз тасып жүрміз-дейді тұрғындар. Алайда ,журналистер келген соң аяқ асты ауылға су келе жатыр деген хабар тарады. Бірақ арнайы тасымал көлігі емес, бортына бөшке байлап алған машина келді. Суды әр үйге өлшеп берді.

Ғазиза Нұржанова, Жолқұдық ауылының тұрғыны:
Оны тіпті бір флягтан ғана береді. Көпбалалы ата-аналар өмір сүреді. Көп кісілері бар. Ол кісілерге бір фляг су қалай жетеді? Әрине жетпейді оларға.

Ауыл әкімінің пайымдауынша судың болмауы тікелей ауа райына қатысты көрінеді.

Амангелді Рүстемов, Алғабас ауылдық округінің әкімі:
Жаздың күні, осы ыстық күндері, бақша салынған кездері ғана осы проблема пайда болады. Бір айта кетері жай мына жаңбыр күндері, бұлттанған күндері су қысымы бүкіл ауылға жетіп тұрады.

Ал, мамандар құрылысына 1,5 млрд. теңге қаржы бөлінген орталықтандырылған су жүйесінің қуаттылығы бастапқыда-ақ дұрыс жоспарланбаған- дейді. 2 мың тұрғыны бар ауылды тіршілік нәрімен қамтуға тереңнен су тартатын қондырғылардың шамасы жетпейді.

 Асқар Берц, «Ақсу су арнасы» кәсіпорнының учаске басшысы:
Өндірістік қуаты төмен болғандықтан 30 пайыз ғана суды жоғары көтере алады. Қайта жасақтау қажет. Қосымша құрылғылар орнатпайынша, сумен қамти алмаймыз.

Мәселе ақшаға кеп тіреледі. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінбей мәселе шешілмейді. Тұрғындар жай-жапсарды хатқа түсіріп, аймақ басшысына жолдады.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу