Атыраудағы бекіре өсіретін зауыттың тозығы жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы бекіре өсіретін зауыттың тозығы жеткен

04.08.2021

Атыраудағы бекіре өсіретін зауыт құрдымға кетуі мүмкін. Ашылғаннан бергі 23 жылдың ішінде бірде бір рет жөнделмеген кәсіпорынның техникалық жағдайы мүшкіл. Ал, Экология министрлігі зауытты қайта жаңғыртуға қаражат бөлуге асығар емес. Брендке айналған бекіре балығын өсіретін зауыттың күйі аянышты. Кәсіпорындағы қондырғылардың бәрі тозған, құрылғалардың мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Әсіресе тоғандарға су жеткізетін 4 сорғы әбден ескірген. Үздіксіз 8 сағат су айдайтын техника қазір бар жоғы 3 сағат ғана жұмыс істейді.
Рашиден Қалидуллин, «Атырау бекіре балық өсіру зауытының» директоры: 
 Бұрынғы алғашқы қалпындағыдай су сора алмайды. Себебі ремонт жасалмағаннан кейін бұл өзінің күшін азайта береді. Бұл өте шығын. Себебі біз қайта-қайта ремонттаймыз.
Тозығы жеткен сүзгілер мен тоғандар еңбек өнімділігін арттыруға кедергі. Бассейндердегі кафельдер бірінен соң бірі түсіп жатыр. Жамауға келмейді.
 Гүлшат Шайдуллина, Атырау бекіре балық өсіру зауытының цех меңгерушісі:
Ішінің тозығы жеткендіктен балықтарға жақсы кислород келмейді. Айналасынан құйылатын суды ластайды.
Су көліктерінің де жағдайы мәз емес. Техника қаңтарылып тұр. 5 жыл сайын жөнделуі тиіс кемелердің бірде бірі жаңартылмаған.
Жандос Темірғали, тілші: 
Зауыттағы бағалы бекіре балығын тасымалдауға арналған 5 кеменің дені өткен ғасырдың алпысыншы жалдыры жасалған. Қазір барлығы жағада тұр. Үшеуі істен шыққан. Көпшілігінің темірі шіріп, астын тот басып жатыр.
Проблеманың өзекті екенін жауаптылар да мойындап отыр. Қазір экономикалық ұсыныс әзірленіп жатыр. Қорытындысы оң болған жағдайда, қаражат сұралады.
 Алмас Асылбеков, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары: 
 Біздер ұсыныс береміз кәсіпорынды қайта жаңғырту үшін, мақұлданса 2026 жылы жөнелуі тиіс.
Сапаға жауапты қызметкерлердің жалақысы да мардымсыз. Қазір зауытта 78 адам жұмыс істейді. Өз ісінің шеберлері тозығы жеткен зауытқа қарамастан биыл да мемлекеттік тапсырысты артығымен орындады. 3 млн 500 мыңнан астам бекіре шабағы көк айдынға жіберілді. Егер кәсіпорын бастан аяқ жөнделсе қызметкерлер шабақ қорын молайтып, рекордтық көрсеткішке жетуді көздейді.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу