Ақтөбе облысында мыңдаған гектар жайылымдық жерлер жанып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында мыңдаған гектар жайылымдық жерлер жанып кетті

09.08.2021

Ақтөбе облысында дала өрті өршіп тұр. Әйтеке би ауданындағы жайылымдық жердің жартысына жуығын жалын жайпап кеткен. Шаруалардың айтуынша, мал шығыны да бар. Өртпен өз күштерімен күресуге дәрменсіз ауылдағы ағайынның жанайқайын Жақсыбек Кемал жеткізеді.

Қызыл жалын бұған дейін Әйтеке би ауданының Әйкеауылдық округі аумағына тараған еді. Енді Талдық елді мекеніне қарай ойысты. Мұнда 8 бас жылқы өрт ортасында қалып қойған. Шаруашылық иесі түлігін түгендей алмай жатыр. Оның тағы бір үйір жылқысы жоқ.Жайылымдық жері түгел жанып кеткен.

Шаруалардың өртпен арпалысып жатқанына екінші күн. Аудан мен облыс орталығынан көмек жеткенше бәрі кеш болады, дейді. Сондықтан, билік басындағыларға айтар ұсыныстары бар. Яғни, облыстың бірнеше жерінен қосымша маусымдық өрт сөндіру бекеттерін ашу қажет.

Шаруалардың болжамы бойынша, осы уақытқа дейін 100 мың гектардай жер өртеніп кеткен. Алайда, Төтенше жағдайлар департаменті берген мәлімет мүлдем басқа.

Нұрхат Қалдыбаев, Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқармасы басшысының орынбасары:
Әйтеке би ауданы Талдық ауылдық округінің аумағында алдын ала мәлімет бойынша 5000 га алаңда далалық өрт орын алуда. Өртке департаменттен 6 адам, бір бірлік техника, ерікті өртке қарсы құрылымдарынан 72 адам, 29 бірлік техника және Қарабұтақ орман шаруашылығынан 4 адам, бір бірлік техника жұмылдырылды.

Алдын ала болжам бойынша, шөпке найзағай түсіп, от тұтанған. Өрт дер кезінде сөндірілмесе, басқа аудандарға да ойысуы мүмкін.Ал тілсіз жаудың кесірінен малынан айырылған тұрғындарға мемлекет тарапынан көмек қаралмаған.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу