Әлемде коронавирустың «дельта» вариантының кең тарауы вакциналау науқанын жеделдетіп отыр. Израильде бұл инфекцияны өткен тәулікте 6 мыңдай адам жұқтырған. Ал, Пәкістан екпе салдырмағандарды жазалауға кіріссе, АҚШ-та ковидке қарсы иммундалған адамдардың 100 пайызға жуығы қауіпті аурудың ең ауыр формасына шалдықпағаны анықталды. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Өткен тәулікте Израильде 6 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. Бұл – ақпаннан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Науқастардың қайта көбеюіне инфекцияның тез жұққыш әрі аса қауіпті дельта варианты себепші. Жергілікті үкімет таратқан мәліметке қарағанда, екпе салдырмағандар, әсіресе, 60-тан асқандар бұл штамнан қатты әрі көптеп ауыруы мүмкін.
Ал, Пәкістанның федералдық үкіметі вакциналанбаған жұмысшылардың мемлекеттік кеңселерге, мектептер мен мейрамханаларға кіруіне тосқауыл қойып, вакциналық сертификаты жоқтардың көлікке, сауда орталықтарына енуіне және әуе сапарларына аттануларына тыйым салмақ. Сондықтан, жергілікті халық тезірек иммундалу үшін қазір ұсынсонар кезекте тұр.
Абдул Рауф, Карачилік банкир:Өз басым, коронавирустан қорықпаймын. Бірақ, екпе салдыруға тиіспін. Себебі, биліктегі сингх үкіметі бізді жалақыдан, SIM-картадан айырып, банктік картамды жабатынын ескертті.
Ал, АҚШ-тың барлық аумағында коронавируспен госпитальге түскен балалар көбейіп келеді. Дәрігерлердің ойынша, мұндай жағдайдың қалыптасуына ковидтің «дельта» вариантының кең тарауы кінәлі. Оның үстіне, Америкада 12 жасқа дейінгі жеткіншектерге вакцина салынбаса, 12-ден асқандардың көбі екпе алмаған. Пандемия басталғалы бір Техас штатының өзінде 15 мыңдай бала мен жасөспірім коронавирусқа шалдығыпты.
Джеймс Версаловик, Техастағы балалар ауруханасының педиаторы, бас патолог:Шілде айының басынан бері біз аурулар санының тұрақты өсуін байқадық. Сонымен қатар, госпитальге жатқызылған балалар мен жасөспірімдердің де көбейгенін көрдік. Дельта - COVID -тің ең жұқпалы нұсқасы. Қазір ол жеткіншектер арасындағы коронавирус жұқтыру оқиғаларының 90 пайыздан астамын құрап отыр.
Тағы бір айта кететін жайт, АҚШ-та толық вакциналанғандардың 99,99 пайызы вирустың ауыр формасына шалдықпаған. Яғни, иммундалған америкалықтардың тек 0,01 пайызы ғана ауруханаға түсіп, коронавирустан қайтыс болыпты.
Тамыздың 2-не дейін Құрама Штаттарда 164 миллионнан астам адам екпе салдырды. Солардың мың жарымы ғана «ковидтен» жан тәсілім еткен.
Арыстан Рысбек