Ұлыбританияда тұрғындардың 75 пайызы вакциналанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда тұрғындардың 75 пайызы вакциналанды

11.08.2021

Ұлыбританияда ересектердің 75 пайызы коронавирусқа қарсы вакциналанған. 89 пайызы екпенің бірінші компонентін алған. Ел премьері Борис Джонсон нәтижені жоғары бағалап, тұрғындардың өмірін сақтап қалуда маңызы зор екенін атап өтті. Ал, Кембридж университеті ғалымдарының есебінше, уақтылы иммундау 60 мыңдай адамның өмірін сақтап қалуға сеп болды. 22 миллиондай вирус жұқтыру оқиғасының алдын алуға және 67 мың адамның ауруханаға түспеуіне мүмкіндік берді.

Германияда коронавирусты анықтауға арналған экспресс-тестілер ақылы болмақ. Бұл -тұрғындарды екпе салдыруға ынталандыру үшін жасалып отыр. Ал, денсаулығына байланысты вакцина алуға тыйым салынғандар, жүкті әйелдер мен 18 жасқа толмағандар тестті тегін тапсырады. Германия канцлері Ангела Меркель індет жұқтыру оқиғаларының өсуіне вакцина алмағандарды айыптап отыр.

Ангела Меркель, Германия канцлері:
Германия федеративтік республикасының әр тұрғынына кешенді түрде вакциналануды ұсына отырып, қазанның 11-нен бастап коронавирус тестілерін тегін жүргізуді тоқтатамыз. Бұл екпе алуға тиіс адамдардың барлығын қамтиды. Ал, мүгедек жандар немесе басқа да себептерден екпе салуға болмайтындарға тест тегін болады.

Ал, Оңтүстік Кореяда бір күнде ковид жұқтырғандар саны 2200-ден асты. Бұл - пандемия басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш. Елде бір айдан астам уақыт қатаң шектеу шаралары сақталып отыр. Осыған қарамастан, дельта штамы жылдам тарап жатыр. Коронавирусты жұқтыру жұмыс орындары, жабық спорт залдары мен шіркеулерде көптеп тіркелген. Бұған қоса, халықтың көбі әлеуметтік арақашықтық ережелерін сақтамайды.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу